Елордада медицина қызметкерлеріне құрмет көрсетілді

Елордада медицина қызметкерлеріне құрмет көрсетілді

Астанада Медицина қызметкері күніне орай салтанатты мерекелік концерт өтті.

Биыл ақ халатты абзал жандарды ұлықтау рәсімі «Жаңа дәуірге келесі қадам» ұранымен ұйымдастырылды. Бұл денсаулық сақтау жүйесінің сапалы жаңа даму кезеңіне өткенін білдіреді. Бүгінде медицина – заманауи технологиялар, цифрлық шешімдер мен инновациялық емдеу әдістері ғана емес, ең алдымен күн сайын білімін жетілдіріп, озық тәжірибелерді енгізіп, саланың болашағын қалыптастырып жүрген жандардың қажырлы еңбегі.

Іс-шараға елорда медицина қызметкерлері, Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов, Астана қаласы әкімінің орынбасары Евгений Глотов, Парламент пен қалалық мәслихат депутаттары, сондай-ақ салалық ұйымдардың өкілдері қатысты.

«Осы ерекше күні сіздерге жанқиярлық еңбектеріңіз, жоғары кәсібиліктеріңіз және таңдаған мамандықтарыңызға деген адалдықтарыңыз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Сіздер – адам өмірі мен денсаулығын сақтауды өмірлік миссиясы етіп таңдаған, жүрек қалауымен еңбек етіп жүрген бүгінгі заманның нағыз қаһармандарысыздар.

Қазіргі таңда елорданың денсаулық сақтау жүйесінде шамамен 14 мың медицина қызметкері еңбек етеді. Олардың қатарында дәрігерлер, мейіргерлер және кіші медициналық қызметкерлер бар. Сіздердің еселі еңбектеріңіздің арқасында елорда тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасы артып келеді», – деді Астана қаласы әкімінің орынбасары Евгений Глотов құттықтау сөзінде.

Салтанатты шара барысында отандық денсаулық сақтау саласының дамуына елеулі үлес қосқан медицина қызметкерлері мен қоғам өкілдері жоғары мемлекеттік және ведомстволық наградалармен марапатталды. Оларға «Еңбек ардагері», «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ісін дамытуға қосқан үлесі үшін» медальдары және «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісі табысталды.

Сонымен қатар, адал еңбегі, жоғары кәсібилігі және өз ісіне деген шынайы берілгендігі үшін бірқатар медицина қызметкерлеріне алғыс хаттар мен Құрмет грамоталары тапсырылды.

Кештің тұжырымдамасы аясында сегіз аталым бойынша үздіктер анықталды. Атап айтқанда, «Жаңа дәуір серпіні», «Жаңа ұрпақ дәрігері», «Жыл тәлімгері», «Сәби сәулетшісі», «Жаңа күннің дәрігері», «103: өмір серпіні», «Алғашқы тыныс сақшысы» және «Фарма-код» номинацияларының жеңімпаздары марапатталды. Барлық жеңімпаздарға демеушілердің қолдауымен 1 000 000 теңге көлемінде сертификаттар табысталды.

Салтанатты іс-шараның демеушілері қатарында «Alem qurylys» АҚ, «Hyundai Auto Kazakhstan», «AlmaEco» ЖШС және «NAK» холдингі болды. Кешті танымал тележүргізуші, журналист, блогер Динара Жанықұл мен көптеген телебағдарламалардың жүргізушісі Ғалым Кеншілік жүргізді.

Мерекелік кештің сәнін белгілі қазақстандық өнерпаздар – Маржан Арапбаева, Қайрат Байекенов, сондай-ақ филармония әртістері мен би ұжымдарының концерттік бағдарламасы келтірді.