Астанада алғашқы мамандандырылған ревматологиялық орталық ашылды

Астанада алғашқы мамандандырылған ревматологиялық орталық ашылды

Елордада алғашқы ревматологиялық орталықтың ашылу рәсімі өтті. Орталық “Қалалық көпсалалы фтизиопульмонология және ішкі аурулар” базасында орналасқан.

«Бұл – елордалық денсаулық сақтау жүйесін дамытудағы маңызды кезең. Бұған дейін қалада ревматологиялық сала бойынша мамандандырылған стационарлық бөлімше болған жоқ. Орталықтың ашылуы ревматикалық аурулары бар пациенттерге медициналық көмектің қолжетімділігін айтарлықтай арттырып, емдеуді күту мерзімін қысқартып, терапияның заманауи тәсілдерін енгізуге мүмкіндік береді», – деді орталық басшысы Анна Цепке.

Қазіргі таңда Астана халқы 1,5 миллионнан асқанымен, мамандандырылған төсек қоры өте шектеулі – екі қалалық ауруханада небәрі 9 төсек орны бар. Бұл пациенттердің нақты қажеттілігін толық қамтымайды.

Қалыптасқан жағдай бірқатар күрделі салдарға алып келді:
● жоспарлы госпитализацияны күту мерзімі 6–7 айға дейін жетті;
● пациенттер ауруханаға көбіне шұғыл көрсеткіштер бойынша түсті;
● базистік және гендік-инженерлік биологиялық терапияны уақытылы тағайындау мүмкіндігі шектелді.

«Емдеуді ұзақ күту аурулардың асқынуына және пациенттердің мүгедектігінің артуына алып келеді. Жаңа ревматологиялық орталық осы мәселелерді жүйелі түрде шешуге бағытталған», – деп толықтырды қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасында.

Орталықтың ашылуы:
● мамандандырылған стационарлық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етеді;
● госпитализация мен консультацияларды күту мерзімін қысқартады;
● заманауи терапияны уақытылы тағайындауға және түзетуге мүмкіндік береді;
● аурулардың ауыр және асқынған түрлерінің үлесін азайтады;
● емдеуде мультидисциплинарлық тәсілді енгізеді;
● пациенттердің өмір сүру сапасын арттырады.

Ревматикалық аурулар – ерте диагностика мен тұрақты бақылауды, сондай-ақ заманауи емдеуді уақытылы тағайындауды қажет ететін созылмалы, үдемелі дерттер.