Еуропалық иммундау апталығы аясында елордалық емхана халықаралық қонақтарды қарсы алды

Еуропалық иммундау апталығы аясында елордалық емхана халықаралық қонақтарды қарсы алды

19 сәуірден бастап бүкіл әлемде Дүниежүзілік иммундау апталығы басталды. Қазақстанда да дәстүрлі түрде Еуропалық иммундау апталығы аясында өткізіліп, кең көлемдегі ақпараттық-ағартушылық және профилактикалық іс-шаралармен қатар жүрді.

Бүгін №6 қалалық емханаға Еуропалық одақтың елшісі Алешка Симкич, сондай-ақ Португалия, Хорватия, Болгария және Греция елшілері, Франция мен Польша дипломатиялық миссияларының өкілдері келді.

№6 емхананың директоры Динара Сатжанның айтуынша, соңғы жылдары вакцинация мәселесінде айтарлықтай ілгерілеу байқалады:

«Бес жыл бұрын көрсеткіштер әлдеқайда төмен болды. Бүгінде жүргізіліп жатқан ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының оң нәтижесін көріп отырмыз. 2025 жылдың қорытындысы бойынша 6 жасқа дейінгі балаларды вакцинациямен қамту деңгейі 95%-ға жетті. Біздің емхана шамамен 33 мың балаға қызмет көрсетеді».

Қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айнұр Төлеуова қонақтарды қарсы алып, иммундау саласындағы бастамаларды халықаралық деңгейде қолдағаны үшін алғыс білдірді.

Қазақстандағы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілі дәрігер Skender Syla елдің жаһандық бастамаға қатысуының маңыздылығын атап өтті:

«Қазақстанның иммундау апталығын белсенді түрде қолдап отырғанын көру біз үшін қуанышты. Вакцинация – қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы ең үлкен жетістіктердің бірі. Соңғы 50 жылда екпе жаһандық деңгейде нәресте өлім-жітімін 40%-ға төмендетіп, миллиондаған адамның өмірін сақтап қалды».

Сонымен қатар сарапшылар қол жеткізілген жетістіктерге қарамастан, әлі де өзекті мәселелер бар екенін атап өтті. Кейбір балалар жоспарлы вакцинациядан қалып қоюда, ал жалған ақпараттың таралуы екпеге деген сенімді төмендетуі мүмкін. Осыған байланысты халықпен ашық диалог жүргізу және алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дамыту ерекше маңызға ие.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 2030 жылға дейінгі Иммундау күн тәртібін іске асыруда Қазақстанға қолдау көрсетуді жалғастыруда. Бұл бастама әрбір адам үшін өмірлік маңызы бар вакциналарға тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталған.

Сапар соңында қонақтар үшін емхана бойынша экскурсия ұйымдастырылып, балаларды вакцинациялау маршрутизациясы және екпе кабинетінің жұмысы таныстырылды.