
Жыл басынан бері елордада есірткінің заңсыз айналымына байланысты шамамен 200 қылмыстық іс қозғалды, сондай-ақ есірткімен айналысқан тұлғаларға қатысты 100-ден астам қылмыстық іс тіркелді. Заңсыз айналымнан шамамен 100 келі есірткі заты тәркіленді.
Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бөлім бастығы Әлия Кибатқызының айтуынша, құқыққа қайшы әрекеттерге көбінесе жастар тартылады.
«Синтетикалық есірткілер ерекше қауіп төндіреді. Олар бірден физикалық тәуелділік тудырады. Есірткіні тарату жасырын жарнама мен интернет-ресурстар арқылы белсенді жүргізіледі», – деді ол.
Мамандардың айтуынша, ұсталғандардың кейбірі өздерінің есірткі таратумен айналысып жүргенін тіпті білмеген. Ал «курьер» деп аталатындардың «мансабы» көбіне екі айдан аспайды.
Нарколог Токтар Төлеуханұлының айтуынша, синтетикалық есірткілерге тәуелділік қалыптасуы үшін бір рет қолданудың өзі жеткілікті.
Тыйым салынған заттарды тарату үшін қылмыскерлер әртүрлі тәсілдерді қолданады: граффити жазбалар, QR-кодтары бар билбордтар, парақшалар, штамптар, сондай-ақ интернет-сайттар құрады. Жыл басынан бері есірткіні жарнамалайтын 400-ден астам интернет-ресурс анықталды.
Есірткі қылмыстары ауыр және аса ауыр санатқа жатады. Қылмыстық жауапкершілік 14 жастан бастап жүктеледі.
Егер сізге психоактивті заттарды сақтау немесе өткізу фактілері, сондай-ақ осы құқықбұзушылықтарға қатысы бар тұлғалар туралы мәлімет белгілі болса, Астана қаласы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының анонимді сенім телефондарына хабарлауыңызды сұраймыз.
Қоңыраулар тәулік бойы қабылданады: 71-63-93 және 102.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабына сәйкес, есірткі құралдарын, психотроптық заттарды және олардың аналогтарын заңсыз сатып алу, сақтау, өткізу мақсатында тасымалдау, жөнелту немесе өткізу мүлкі тәркіленіп, 5 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырумен жазаланады.
Медицина қызметкерлері күн сайын кәсіби міндеттерін жоғары қауіп жағдайында атқарады, оның ішінде алкогольдік немесе есірткілік масаң күйдегі пациенттерге бару, сондай-ақ өзге де қауіпті жағдайлар кездеседі.
Астана қаласы Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасарының міндетін атқарушының айтуынша, фельдшерлер арасында жарақат алу жағдайлары әлі де сақталуда.
«Медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін арттыру мақсатында жедел медициналық жәрдем қызметінде заманауи бақылау және қорғау шаралары енгізілуде. Барлық бригадаларда аудиомониторинг жүйесі енгізілген, бұл қақтығыстарды азайтуға, қарым-қатынас мәдениетін арттыруға, дәлелдемелік база қалыптастыруға және медицина қызметкерлерінің құқықтық қорғалуын күшейтуге мүмкіндік береді», – деді Фарида Аияпқалиқызы.
Еске сала кетейік, қызметтік міндеттерін атқару кезінде медицина қызметкерлері мен жедел жәрдем жүргізушілеріне қатысты қатер төндіру және күш қолдану бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексіне 380-3-бап енгізілді.