
Бүгін Астана қаласындағы №3 көпбейінді қалалық ауруханаға Қытай Халық Республикасынан бауыр, өт жолдары және ұйқы безі хирургиясы саласының мамандарынан құралған делегация келді.
Сапардың мақсаты - бауыр, өт жолдары және ұйқы безі ауруларын емдеу бойынша тәжірибе алмасу, бірлескен хирургиялық ота жасау, сондай-ақ екі ел мамандары арасындағы ғылыми-тәжірибелік және білім беру бағытындағы ынтымақтастықтың болашағын талқылау.
Гепатобилиарлық хирургия саласының жетекші мамандары бүгін аурухана жұмысымен танысып, осындай кездесулердің маңыздылығын атап өтті. Олардың айтуынша, мұндай іс-шаралар хирург дәрігерлердің біліктілігін арттырып қана қоймай, жалпы медицина саласының дамуына оң әсерін тигізеді.
«Қазақстанға келгеніме қуаныштымын. Қазақстан мен Қытай шекаралас болғандықтан, кейбір ауру түрлері де ұқсас кездеседі. Сондықтан мұндай кездесулердің маңызы зор. Біз сіздермен тәжірибе алмасуға дайынбыз», - деді Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы Халық ауруханасының бауыр, өт жолдары және ұйқыбезі ауруларын анықтау және емдеу орталығы директорының орынбасары Ма Чжиган.
Сапар барысында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат кәсіби өзара іс-қимылды дамытуға, мамандар арасында тәжірибе алмасуға және ғылыми-білім беру серіктестігін кеңейтуге бағытталған. Алдағы уақытта қазақстандық дәрігерлер Қытайда тағылымдамадан өтіп, өз біліктілігін арттыруға мүмкіндік алады.
Сонымен қатар бүгін делегация мүшелері ауруханада ем қабылдап жатқан науқастардың жағдайымен танысып, мұндай ауруларды емдеуде қолданатын әдістері туралы пікір алмасты, пациенттерді қабылдап, кеңес берді. Алдағы екі күнде шұғыл емді қажет ететін науқастарға хирургиялық ота жасау жоспарланып отыр.