ҚАЗАҚСТАНДА ОНКОЛОГИЯЛЫҚ АУРУЛАРДЫ ДИАГНОСТИКАЛАУ МЕН ЕМДЕУДІҢ НЕГІЗГІ КӨРСЕТКІШТЕРІ ЖАҚСАРДЫ

ҚАЗАҚСТАНДА ОНКОЛОГИЯЛЫҚ АУРУЛАРДЫ ДИАГНОСТИКАЛАУ МЕН ЕМДЕУДІҢ НЕГІЗГІ КӨРСЕТКІШТЕРІ ЖАҚСАРДЫ

Онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі кешенді жоспарды іске асыру аясында 5 жылдық өмір сүру көрсеткіші 16%-ға, сәулелік терапиямен қамту 13%-ға, ал қатерлі ісікті ерте анықтау деңгейі 4%-ға артты. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Астанадағы Көпбейінді медициналық орталыққа жасаған сапары барысында мәлімдеді.

Ведомство басшысы орталықтың негізгі бөлімшелерінің жұмысымен танысып, онкологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеуде қолданылып жатқан заманауи технологиялармен, сондай-ақ денсаулық сақтау жүйесіндегі цифрлық шешімдермен танысты.

Министрге сәулелік терапия жүргізу үшін қолданылатын КТ-симулятордың жұмысы көрсетілді. Сондай-ақ, сау тіндерді барынша сақтай отырып жоғары дәлдіктегі сәулелік терапия жүргізуге мүмкіндік беретін TrueBeam аппараты және медициналық кескіндерді талдауға, дәрігерлік шешім қабылдауға қолдау көрсетуге арналған Cerebra жасанды интеллект жүйесі таныстырылды. Бұл жүйе, соның ішінде, ми қан айналымының жедел бұзылыстарын диагностикалауда қолданылады.

Сапар барысында Сүт безі обырын ерте анықтаудың тиімділігін арттыру мақсатында диагностикалық жабдықтары жаңартылған Маммология орталығының жұмысына ерекше назар аударылды. Жобаны іске асыру пациенттерді тексеру мен емдеу мерзімдерін қысқартуға да бағытталған.

Министр сондай-ақ диагностикалық және емдік эндоскопиялық араласулардың кең спектрі орындалатын Эндоскопиялық орталықтың жұмысымен танысты. Өткен жылы бөлімшеде эндоскопиялық жабдықтар жаңартылып, күрделі жөндеу жүргізілді. Бұл пациенттер үшін заманауи жағдай жасауға және аз инвазивті емдеу әдістерінің мүмкіндіктерін кеңейтуге мүмкіндік берді.

2025 жылдың қараша айында Астанадағы жаңа онкологиялық орталық базасында Қазақстанда Протон терапиясы орталығы ашылды. Қазіргі уақытта онда 38 пациент ем қабылдап жатыр. Сондай-ақ Қызылорда және Ақтау қалаларында екі жаңа ПЭТ/КТ орталығы іске қосылды (жалпы саны – 16 орталық), онда 280 зерттеу жүргізілді.

Барлық өңірлерде сараптамалық эндоскопиялық орталықтар ашылып, өткен жылы онда 15 мыңнан астам зерттеу жүргізілді, ал емдік манипуляциялар саны 4,5 мыңға артты.

Сапар қорытындысы бойынша министр жоғары технологиялық инфрақұрылымды дамыту, цифрлық шешімдерді енгізу және жасанды интеллект технологияларын қолдану онкология саласында ғана емес, жалпы медициналық көмектің сапасын арттыруға, диагностика мен емдеудің тиімділігін күшейтуге, сондай-ақ елдегі онкологиялық көмекті халықаралық заманауи стандарттарға сәйкес нығайтуға мүмкіндік беретінін атап өтті.