
Жақында елорданың Нұра ауданында жаңа балалар травмпункті ашылды. Аталған пункт екі апта ішінде түрлі жарақатпен келген 410 балаға білікті медициналық көмек көрсетіп үлгерді.
Нұра және Есіл аудандарының тұрғындары жаңа травмпункттің ашылуы үлкен қолайлық пен уақыттың үнемдеуіне әсер еткенін атап өтуде.
«Кеше түнде қызым саусағын шығарып алды. Жедел жәрдем шақырып, осы жерге келдік. Біз үшін өте ыңғайлы болды, себебі осы ауданда тұрамыз. Аурухана тап-таза, шетелдегідей екен. Дәрігерлер тез қарап, бәрін түсіндіріп, ем тағайындады. Барша қызметкерлерге үлкен рахмет!», – деді қала тұрғыны.
Травмпункт медициналық көмек көрсету үшін қажетті барлық заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Жоғары технологиялық аппараттар сатып алынған, гипс салу, таңу және ояну бөлмелері бар. Ал мультфильм кейіпкерлерімен безендірілген дизайн балаларға жайлылық пен қауіпсіздік сезімін сыйлайды.
«Ішке кіргенде аурухана екенін бірден аңғармайсың. Барлығы әдемі безендірілген, қабырғаларда мультфильм кейіпкерлерінің суреттері бар. Медициналық қызметкерлер сыпайы әрі жылы жүзді. Балалармен өз балаларындай сөйлеседі. Мұнда болу өте жайлы», – деп пікір білдірді 5 жастағы Арсланның анасы.
Травматология бөлімінің меңгерушісі, дәрігер-травматолог Алексей Солодтың айтуынша, тәулігіне 20-30 балаға дейін қабылданады.
«Көбіне мектепке дейінгі жастағы балалар келеді. Тіпті бір жастағы балалар да болған. Негізінен жеңіл жарақаттармен түседі. Көпшілігі амбулаториялық емге жіберіледі. Жұмыс істеген уақыт ішінде бар болғаны 5 бала стационарға жатқызылды», – деді дәрігер.
Жаңа травмпункт Хусейн Бен Талал көшесі, 14 (Тұран даңғылы бойында) мекенжайында орналасқан. Травмпункт балаларға тәулік бойы қызмет көрсетеді. Тұрғындардың ыңғайы үшін жақында бұл бағытқа №83 автобус бағыты іске қосылды.
Еске салсақ, аталған пункт ашылғанға дейін балаларға травматологиялық көмек №2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасындағы жалғыз травмпунктте көрсетіліп келген. Онда тәулігіне шамамен 300 бала жүгінетін.
Жүктемені азайту және медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында алдағы жылдары басқарма тарапынан 11 жаңа медициналық нысанның құрылысы жоспарланып отыр.