
Қызылшамен ауырғаннан кейін иммундық жүйе уақытша басқа вирустар мен бактерияларға қарсы күресе алмай қалады. Бұл аурудан айыққан адамдар бірнеше ай бойы түрлі инфекцияларға осал болады.
Қызылшаның салдары мен оның алдын алу шаралары басқармалар өкілдері, қала әкімінің орынбасары және елорданың әйел-көшбасшыларымен өткен дөңгелек үстелде талқыланды.
Қызылшаның асқынған түрі өкпенің қабынуы, есту қабілетінің бұзылуы, энцефалитпен қатар жүруі мүмкін. Ауыр жағдайларда инфекция мүгедектікке немесе өлімге әкелуі ықтимал.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының айтуынша, елордада қызылша бойынша сырқаттанушылық өсіп отыр.
«Жыл басынан 19 ақпанға дейін қызылша бойынша 1470 бастапқы шұғыл хабарлама тіркелді, оның 997-сі зертханалық әдіспен расталды», - деп бөлісті Айгүл Шағалтаева.
Қызылшамен ауырған әрбір адам орта есеппен 12-ден 18 адамға дейін жұқтыра алады. Егер бала екпе алмаған болса, жұқтыру қаупі 100 %.
«Қоғамда вакцинация деңгейі төмендеген кезде вирус осал топтарды, ең алдымен балаларға оңай жұғады. Екпемен қамтудың төмендеуі, вакцинациядан бас тарту және оған деген сенімсіздік мектеп, балабақша, қоғамдық көлік, ойын-сауық орталықтары сияқты күнделікті орындарды қауіпті аймаққа айналдырады. Мұндай жағдайда ұжымдық иммунитетті сақтау аса маңызды», - деді Қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлназ Төленқызы.
Бүгінде бірқатар өңірлерде жағдай әлі де күрделі күйінде қалып отыр. Алайда аурудың алдын алуға болады.
Қазақстанда қызылшаға, паротитке және қызамыққа қарсы біріктірілген вакцина қолданылады. Ол Ұлттық егу күнтізбесіне енгізілген. Бірінші екпе 1 жаста, екіншісі 6 жаста салынады. Екі рет егілген жағдайда тұрақты иммунитет қалыптасып, аурудың алдын алуға мүмкіндік береді.
Вакцинадан кейінгі жанама әсерлер әдетте жеңіл және қысқа мерзімді болады: дене қызуының шамалы көтерілуі, екпе салынған жерде қызару мен ауырсыну, сирек жағдайда бөртпе.
Баланың екпе алған-алмағанын «eGov Mobile» мобильді қосымшасы арқылы немесе учаскелік дәрігерден білуге болады.