
Денсаулық сақтау басқармасы алдағы 4 жылға 11 медициналық нысанның құрылысын жоспарлап отыр.
Бұл туралы басқарма басшысы Айнұр Төлеуова 2025 жылдың қорытындысы бойынша өткен алқа отырысында хабарлады.
Оның сөзінше, елордалық медициналық ұйымдарға айтарлықтай жүктеме түсіп, мекемелер жоспарлы қуаттылығынан артық қызмет көрсетуде.
«Елорда халқы жыл сайын орта есеппен 100 мың адамға өсіп отырғанына байланысты қазіргі денсаулық сақтау инфрақұрылымы үлкен жүктемені көтеруде. Одан бөлек, әрбір бесінші шақырту қала емханаларына тіркелмеген өзге өңір тұрғындары мен шетел азаматтарына тиесілі екенін де атап өткен жөн», - деді қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы.
Мемлекет бекіткен елорданың Бас жоспарына сәйкес, 2035 жылға қарай қала халқының болжамды саны 2,3 миллион адамға жетеді деп күтілуде.
Бұл өз кезегінде сапалы медициналық көмекке деген сұраныстың артуына алып келеді.
Аталған мәселені шешу мақсатында бірқатар медициналық ұйымдардың құрылысы жоспарланған. Атап айтқанда, 2 перинаталдық орталық, заманауи көпбейінді жаңа аурухана, 6 жаңа толыққанды емхана (оның ішінде 2 мемлекеттік), сондай-ақ 2 жедел медициналық жәрдем қосалқы станциясы салу көзделген.
Сонымен қатар, осы жылдың мамыр айында №2 Көпбейінді қалалық аурухана жанындағы қабылдау-диагностикалық кешеннің құрылысы аяқталады. Бұл тек екі корпусты біріктіру ғана емес, ірі флагмандық медициналық орталық құру.
Кешен құрамында көпфункционалды жансақтау бөлімі, кеңейтілген қарқынды терапия палаталары, жоғары технологиялық диагностика және емдеу әдістері қарастырылған.
Еске салсақ, өткен жылы аталған мәслені шешу мақсатында Нұрлы жол ауданында бір ауысымда 350 қабылдауға арналған жекеменшік емхана ашылған болатын. Ал биыл Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы базасында Нұра және Есіл аудандарының балаларына қызмет көрсететін балалар травматологиялық пункті ашылды.