Оразада қалай дұрыс тамақтанамыз – дәрігер кеңесі

Оразада қалай дұрыс тамақтанамыз – дәрігер кеңесі

Ораза ұстаудың денсаулық, ас қорыту жүйесі үшін пайдасы мол. Ораза ұстаған адамның ағзасында ішкі ресурстар жиналып, май қоры азайып, жинақталған токсиндер шығады. Алайда иммунитетті бұзып алмау үшін дұрыс тамақтану ережелерін ұстанған жөн.

Дәрігер-диетолог Жанна Нұрберген  қандай тағамды тұтынып, қай тағамнан аулақ болу керегін айтып берді. Маман құнарлы тамақтарға басымдық беріп, шаршауға, шөлдеуге әкелетін тамақтардан бас тартуды ұсынды.

 “Ақуызға бай ет, балық, бұршақ, жұмыртқа  секілді тағамдарды күніне 2-3 реттен тұтыныңыз. Пайдалы майлар: рафинирленбеген өсімдік майлары, малдың майы, сары май рационда болу керек. Онымен қоса, күрделі көмірсу болғаны дұрыс: қара кебекті нан, көкөністер, жармалар, дәнді-дақылдар”, - деп кеңес берді Жанна Нұрберген.

Сонымен қоса дәрігер тұтынуға кеңес бермейтін тағам түрлерін тізіп өтті:

  • Нитрит тұздары қосылған өнімдер – шұжық өнімдері (колбаса);
  • Тәтті тағамдар, кондитерлік өнімдер;
  • Жоғарғы сорттық ұннан жасалған өнімдер (нан, макарон өнімдері, т.б);
  • Энергетикалық, тәтті сусындар;
  • Кетчуп, майонез, түрлі соустар;
  • Өсімдік майына қуырылған майлы тағамдар.

 Қалай дұрыс ауыз ашамыз?

Маман бірінші кезекте жылы су, құрмамен ауыз ашып, 15 минут тамақтанбай күту керек дейді. Одан кейін ыстық тамақ алдында салат жеген жөн.  Құрамындағы өсімдік талшықтары ішектегі артық шлактарды тазартуға көмектеседі.

Ұсынылатын тағамдар: сүйектің 7-8 сағат қайнаған сорпасы, ет өнімдері, балық, тауық, жармалар, көкөніс және жеміс-жидектер желіну керек. Аз-аздап бірнеше рет тамақ жеген жөн. Пайдалы майлар туралы да ұмытпаған дұрыс. Авокадо, зәйтүн майы, жаңғақ қосылған салаттар жасауға болады. Ауыз ашқаннан кейін сәресіне дейін 3 литр су ішу керек. Тәтті, тұзды тамақтан бас тарту қажет.

 

Сәресіне не жеген пайдалы?

Ұзақ тойымдылық сезімін, энергия беретін, шөлдетпейтін тағамға көңіл бөлген маңызды. Көп уақыт пісіп, ұзақ уақыт қорытылатын сұлы, қарақұмық, күріш, арпа жармасы, жұмыртқа, сүт өнімдері, қантсыз айран, йогурт, еттің барлық түрлері және қара нан. Ақ ұннан жасалған нанды жеуге мүлдем кеңес берілмейді.

Рамазан айында дұрыс ораза ұстанса, адам ауыз ашқанда артық тамақтанбаса, ас қорыту жүйесі өте жақсы демалыс алады. Бұл асқазан-ішек жолдарын қалпына келтіруге мүмкіндік береді.

Ескере кететін жайт оразаны барлығына бірдей ұстауға болмайды. Ағзаңызда қандай да бір ақаулар болса міндетті түрде терапевт, эндокринолог дәрігерімен кеңескеніңіз дұрыс.