
Астанада көктайғақтың қалыптасуына байланысты травматологиялық пункттердің жұмысы күшейтілді. Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, қаладағы барлық травмпункттер, сондай-ақ емханалар жанындағы шұғыл медициналық көмек бөлімшелері күшейтілген режимде жұмыс істеуде.
«Ауа райының қолайсыз кезеңінде қала тұрғындарын барынша сақ болуға шақырамыз. Таймайтын табаны бар, мүмкіндігінше өкшесіз аяқ киім кию маңызды. Бұл жарақат алу қаупін азайтады. Әсіресе балалар мен егде жастағы тұрғындарға аса қажеттіліксіз үйден шықпауға кеңес береміз», – дейді мамандар.
Жарақат алған жағдайда медициналық көмек көрсету пункттеріне дереу жүгіну қажет.
Басқармада атап өткендей, қаладағы барлық травматологиялық пункттер тәулік бойы жұмыс істейді. 103 жедел жәрдем қызметі штаттық режимде қызметін жалғастыруда.
«Қаладағы медициналық ұйымдарда пациенттер мен жедел жәрдем көліктерінің қауіпсіз әрі кедергісіз өтуін қамтамасыз ету үшін көктайғақтың алдын алу шаралары ұйымдастырылған», – деп хабарлады ұйым өкілдері.
Ересек тұрғындар үшін травматологиялық пункттер келесі мекенжайларда орналасқан:
• Р.Қошқарбаев даңғылы, 66 (№1 көпбейінді қалалық аурухана);
• Ә.Молдағұлова көшесі, 26Б (№3 көпбейінді қалалық аурухана);
• Абылай хан даңғылы, 15а (Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығы).
Балаларға арналған травматологиялық пункттер келесі мекенжайларда жұмыс істейді:
• Р.Қошқарбаев даңғылы, 64 (№2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасы);
• Желтоқсан көшесі, 34 (№2 қалалық емхана).