Құрметті астаналықтар!

Құрметті астаналықтар!

Құрметті астаналықтар! Келіп жеткен жаңа 2026 жыл баршаңызға құтты болсын! Өтіп бара жатқан жыл денсаулық сақтау саласы үшін маңызды өзгерістер мен жүйелі жұмыстарға толы болды. Елордамызда медициналық қызметтің сапасын арттыру, қолжетімділікті кеңейту және халық денсаулығын нығайту бағытында бірқатар бастамалар жүзеге асырылды.

 

Астананың халық саны жыл сайын 100 мың адамға артуда. Сол себепті инфрақұрылым объектілеріне аса көңіл бөлінді. Осы орайда медициналық орталықтардың тапшылығын азайту мақсатында қосымша 4 емхана объекті іске қосылды.  Нұрлы жол вокзалы ауданында жаңа жеке емхана ашылды. Екі ауруханада ауқымды жөндеу жұмыстары жасалды. Оның бірі — көп жылдар бойы медициналық көмек көрсетіп келе жатқан №3 көпбейінді аурухананың ескі ғимараты. Қазіргі уақытта аталған ғимарат жаңартылып, пациенттер мен медицина қызметкерлері үшін заманауи әрі қолайлы жағдайлар жасалуда.

 

Мекеменің одан әрі тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін инженерлік желілер, палаталар, операциялық бөлмелер мен диагностикалық кабинеттер толық жаңартылып, заманауи медициналық жабдықтар орнатылды.

Қазіргі уақытта аурухананың терапевтік бөлімінде, ас бөлімшесінде әкімшілік ғимаратында және басқа да бөлімшелерінде жөндеу жұмыстары жалғасуда. Аталған жұмыстарды келесі жылы аяқтау жоспарлануда.

№2 қалалық көпбейінді аурухана жанынан қабылдау-диагностикалық кешені мен перинаталдық орталықтың құрылысы басталды. Одан бөлек медицина қызметкерлері үшін 300 орындық жатақхана салынуда. Келесі жылы жаңа көпбейінді аурухана, Есіл және Нұра аудандарында екі емхана, сондай-ақ Есіл ауданында балаларға арналған травматологиялық корпус құрылатын болады.

Мекемелерді медициналық жабдықтармен қамтамасыз етуге де ерекше көңіл бөлінуде. Осы жылы 276  медициналық жабдық сатып алынды.

Аса маңызды жедел жәрдем жұмысын жеделдету мақсатында автокөліктер сатып алынып, автотұрақ толық 100%-ға қамтылды. 

2024–2028 жылдарға жергілікті бюджет қаражаты есебінен резидентураға 72 грант бөлінді. Дәрігерлер тапшылығының бір бөлігі жабылып 45 маман жұмысқа орналастырылды.

Сонымен қатар, шетелдік мамандар шақыртылып тәжірибе алмасуға денсаулық сақтау саласының 64 маманы қатысты. 

«Жұмысшы мамандықтар жылы» және «Медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру жылы» бастамалары аясында шамамен 3800 медицина қызметкері оқытылып, олардың 59-ы шетелде сирек мамандықтар бойынша, біліктілігін арттырды.

Балалардың саулығын нығайту бағытында 5 мемлекеттік мектепте стоматология кабинеттері, сондай-ақ №1 қалалық көпбейінді аурухана базасында балалар стоматологиясы жұмысын бастады. Аутизмі бар ерекше балаларға арналған күндізгі стационар ашылды.

Акушерлік-гинекологиялық көмектің қолжетімділігін арттыру  үшін Ситуациялық орталық құрылып, қала деңгейінде ұрықты қорғау орталығы жұмыс істейді. Жүкті әйелдерге жоғары мамандандырылған көмек көрсетіліп, туа біткен және тұқым қуалайтын аурулардың алдын алу үшін эксперттік деңгейдегі жабдықтармен пренаталдық диагностика жүргізіледі.

Жасанды интеллект елордалық денсаулық сақтау саласына да серпіліс берді. Бүгінде онкологиялық ауруларды ерте анықтауға мүмкіндік беретін жасанды интеллектке негізделген PACS жүйесі сәтті енгізіліп, диагноз қою мерзімі 30 күннен небәрі 3 күнге дейін қысқарды. Орталық серверде Қазақстан бойынша 126 мыңнан астам рентгенологиялық зерттеу жинақталып, олардың 9 мыңнан астамы өңделді.

Сонымен қатар, инсультті бар болғаны 10 минут ішінде жылдам әрі дәл анықтайтын Cerebra жүйесі іске қосылды. Жасанды интеллектіні қолдану диагностика жылдамдығы мен дәлдігін арттырып, медициналық көмектің сапасын жаңа деңгейге көтеруде.