Денсаулық сақтау басқармасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы бақылауды күшейту шаралары талқыланды

Денсаулық сақтау басқармасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы бақылауды күшейту шаралары талқыланды

Денсаулық сақтау басқармасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы бақылауды күшейту шаралары талқыланды

Денсаулық сақтау басқармасында медициналық ұйымдардың басшыларымен кеңес өтті. Кездесуде сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың өзекті мәселелері мен денсаулық сақтау саласындағы құқық бұзушылықтарды алдын алу жолдары қаралды.

Әкімшілік-құқықтық жұмыс бөлімінің басшысы Ерзат Базарбеков осы бағыттағы жұмыстарды жетілдіру жөнінде бірқатар ұсыныстарын айтты. Оның пікірінше, комплаенс-офицерлердің тәуелсіз болуы маңызды. Олар ашықтық пен бақылауды қамтамасыз етіп, сыбайлас жемқорлықты болдырмаудың тиімді құралына айналады.

«Ішкі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау тәртібін қайта қарау қажет. Мәселе анықталып қана қоймай, нақты шаралар мен айқын жоспарлар арқылы шешілуі керек», — деп атап өтті Ерзат Базарбеков.

Мемлекеттік сатып алулар мәселесі де басты назарға алынды. Дәрі-дәрмек пен медициналық жабдықтарды бір жеткізушіден сатып алу азайтылып, конкурстық және ашық рәсімдерге басымдық беруді ұсынды.

Сонымен қатар, науқастардың шағымдары бойынша жұмыс сапасын арттыру маңызды деп танылды: әрбір өтініш уақытылы тіркеліп, мән-жайына қарай қаралуы тиіс. Бұл тек шағымдарға жауап беріп қана қоймай, мәселелердің түпкі себептерін жоюға мүмкіндік береді.

Кадрлық тәртіп мәселесі де қарастырылды. Барлық қызметкерлер үшін еңбек заңнамасының қатаң сақталуы басты міндет болып отыр. Сондай-ақ, сатып алу, кадрлық бақылау және азаматтардың өтініштерімен жұмыс істеу процестеріне басшылардың орынбасарлары, бухгалтерия және кадр бөлімдерінің нақты қатысуы қамтамасыз етіледі.

Басқарма орынбасары Қадыр Жарасбаев заң талаптарын қатаң орындаудың маңыздылығын ерекше атап өтті.

«Біздің ортақ мақсатымыз — формалды есептіліктен шығып, нақты жүйелі жұмысқа көшу. Әрбір басшы медициналық қызметтердің заңдылығы, ашықтығы мен сапасы үшін жеке жауапты», — деді ол.