2025 жылдың 29 сәуірде Ташкент қаласында ТМД-ға мүше мемлекеттердің өңірлерінің алғашқы форумы өтті.
Форумға ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Жанель Кушукованың басшылығымен ресми делегация қатысты. Делегация құрамына Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысының орынбасары Қуаныш Сапаров, «Астана даму орталығы» ЖШС, Түркістан, Қызылорда, Шығыс Қазақстан облыстары әкімдіктерінің, сондай-ақ 50-ге жуық қазақстандық компанияның өкілдері қатысты.
Форум өңіраралық ынтымақтастық, инвестициялық саясат және сыртқы экономикалық байланыстар мәселелерін талқылауға арналған тиімді диалог алаңына айналды. Іс-шара аясында инвестициялық және сауда-экономикалық өзара іс-қимыл саласындағы өзара түсіністік туралы бірқатар келісімдерге қол қойылды.
Форумның нақты нәтижелерінің бірі – арнайы техника жөндеу және жинау саласындағы жобаны жүзеге асырып жатқан «СВС-АСТАНА» ЖШС инвесторының тартылуы болды. Форум барысында кузовтарды Астана қаласында және Қазақстанның басқа өңірлерінде жинау үшін Өзбекстаннан шасси жеткізу туралы келісімшартқа қол қойылды.
Сонымен қатар, Valesco компаниясымен автохимия өнімдерін Қазақстан нарығына жеткізу туралы келісімге қол жеткізілді.
Сондай-ақ, инвестициялық жобаларды қаржыландырумен айналысатын жергілікті қаржылық серіктес ұйыммен кездесу өткізіліп, инвестициялық жобаларды сүйемелдеу тәжірибесімен алмасу жүзеге асырылды.
Қосымша түрде «СТАЛЬЦИНК» ЖШС қазақстандық инвесторымен кездесу ұйымдастырылып, өндірістік қуаттарды кеңейту және өнім экспортын Өзбекстанға ұлғайту мәселелері талқыланды.
Шара қорытындысы бойынша әкімдіктер ынтымақтастық туралы 3 құжатқа қол қойып, ТМД елдерінің іскер топтары арасында байланыс орнатылды.