Алматы қаласында 23-ші Қазақстандық халықаралық «Туризм және саяхат» көрмесі – KITF 2025 өз жұмысын бастады
Іс-шара 23–25 сәуір аралығында өтуде және оған 31 елден 533-тен астам компания қатысуда. Көрме өз жұмысын ресми ашылу салтанатымен бастады. Ашылу рәсіміне ҚР Спорт және туризм вице-министрі Ержан Еркінбаев, Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Халел Акімжанов, Алматы қаласы Туризм басқармасының басшысы Ғалия Токсейітова, «Astana tourism» басқарма төрағасы Артём Квашук, Қазақстан көрме ұйымдастырушысы ITECA компаниясының директоры Борис Даниленко, сондай-ақ дипломатиялық миссиялар мен салалық қауымдастықтардың өкілдері қатысты.
Іс-шараның бірінші күнінде қатысушылардың назары туризм саласындағы жаһандық өзгерістерге, бизнестің жаңа жағдайларға бейімделуіне және заманауи технологияларды енгізуге аударылды. Іскерлік бағдарлама аясында көрме экспозициясына шолу туры мен Орталық және Шығыс Азия елдерінің туризм министрліктерінің стратегиялық пленарлық отырысы өтті. Күн барысында бес тақырыптық сессия ұйымдастырылып, спикерлер өзекті мәселелерді талқылап, тәжірибелерімен бөлісті.
Көрме барысында бірқатар ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Атап айтқанда, Visit Astana және Visit Almaty туристік саладағы өзара тиімді серіктестікті дамыту туралы меморандумға қол қойды. Бұл ынтымақтастық Астана мен Алматы қалаларының тартымдылығын арттыру бойынша стратегиялық міндеттерді ескере отырып, ішкі және халықаралық деңгейде туристік әлеуетті ілгерілетуге бағытталған.
KITF 2025 – туризм саласында тәжірибе алмасу мен іскерлік байланыстар орнатуға арналған маңызды платформа.