
Наурызнаманың онкүндігінің Жаңару күнінде 7 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектінің өкілдері ауқымды сенбілікке шықты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Шағын және орта бизнес өкілдері, оның ішінде сауда орталықтары, №1 Индустриалды парктің өндірістік нысандары, қонақ үйлер, салондар, дәмханалар, дүкендер және басқа да ұйымдар өз нысандарына іргелес аумақтарды тазартып, абаттандыруға үлес қосты.
«Шапағат» базарының қызметкері сенбілікке қатысты пікірімен бөлісті:
«Базар – күніне мыңдаған адам келетін орын, сондықтан оны таза ұстауымыз керек. Бүгінгі акция – қаладағы тәртіп бізден басталатынын еске салуға жақсы мүмкіндік. Әріптестеріммен бірге аумақты тазалауға шықтық, оның пайдалы зор әрі ұжымның бірлігін арттырады».
Экологиялық науқан аясында көшелер тазартылды, көпірлер, қоршаулар, жаяу жүргіншілер жолы, жол және белгілер жуылды, сондай-ақ нөсер кәріз желілері тазартылып, рұқсат етілмеген үйінділер жойылды. Елордада тазалық пен тәртіпті қамтамасыз етуге тұрғындар белсенді үлес қосуда. Қала тұрғындары да аулаларын тазалауға шықты.
Астана әкімдігі елордалық кәсіпкерлер үшін жыл мезгілдері бойынша бөлінген қалада тазалық пен тәртіпті сақтау бойынша ұсыныстары бар чек-парақтар әзірледі. Бұл қалада тазалық пен тәртіпті сақтауға 230 мыңнан астам ШОБ субъектісін тартуға бағытталған.
Кәсіпкерлердің осындай іс-шараларға белсене қатысуы тазалық пен қоршаған ортаны қорғау барлық қала тұрғындарының ортақ міндеті екенін дәлелдейді/