Бүгін фронт-офисте Франция Республикасының Қазақстандағы Елшілігінің өкілдерімен жұмыс кездесуі өтті. Іс-шараға Астана қаласы әкімдігінің басқарма басшылары, соның ішінде инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту, қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану, көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту, экономика және бюджеттік жоспарлау, энергетика басқармаларының өкілдері, сондай-ақ Астана қаласының бас жоспары мен «Astana Invest» компанияларының жетекшілері қатысты.
Кездесу барысында тараптар қаланы дамыту жоспары мен стратегиясы аясында француздық компаниялармен ынтымақтастықтың басым бағыттарын талқылады. Атап айтқанда, көлік, жылу мен су жабдықтау, қалдықтарды басқару сияқты инфрақұрылымды дамыту салалары бойынша серіктестік мәселелері қарастырылды.
Сонымен қатар, 2025 жылғы 28 мамырда өтетін Қазақстандағы Франция күні аясында ұйымдастырылатын бизнес-форумда француздық компаниялар делегациясымен кездесу өткізу мәселесі қозғалды.
Халел Әкімжанов Францияның Қазақстан үшін Еуропалық Одақтағы маңызды серіктес екенін атап өтті. Ол Францияның Қазақстан экономикасына салған инвестиция көлемі бойынша алтыншы орын алатынын және Alstom, Total Energies, Air Liquide, Orano, Vicat, Danone, Lactalis сынды француз компанияларының үлесі шамамен 19,5 млрд АҚШ долларын құрағанын ерекше атап өтті. Сондай-ақ, қоғамдық тамақтану және гастрономиялық туризм саласында тәжірибе алмасуға қызығушылық білдірді.
Франция Елшілігінің экономикалық мәселелер жөніндегі кеңесшісі, экономикалық қызмет жетекшісі Людовик Леа Франция мен Қазақстан арасындағы стратегиялық серіктестіктің маңыздылығын атап өтті. Ол алдағы уақытта Қазақстанға келетін ірі француз делегациясы аясында өзара тиімді бизнес-жобаларды қарастыруды ұсынды.
Кездесу екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға және екі ел арасындағы экономикалық серіктестікті кеңейтуге бағытталды.