Astana Invest пен JIDA Токиода өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды

Astana Invest пен JIDA Токиода өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды

Токиода «Tourism EXPO Japan 2026» Халықаралық туристік көрмесі аясында Astana Invest пен Japan International Interaction and Development Association (JIDA) өзара түсіністік туралы меморандум жасасты.

Құжатқа Astana Invest Басқарма төрағасы Асхат Бекеев пен JIDA президенті Жаркин Гүлзат қол қойды.

Меморандум іскерлік және инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға, тәжірибе мен ақпарат алмасуға, сондай-ақ инвестициялар тартуға жәрдемдесуге бағытталған. Тараптар өзара іскерлік сапарларды ұйымдастыру, әлеуетті серіктестерді іздеу және бірлескен жобаларды дамыту бағытында ынтымақтастық орнатуды көздейді.

Бұған дейін Астанада келіссөздер өтіп, оның барысында жапон тарапына елорданың инвестициялық әлеуеті таныстырылып, ынтымақтастықтың перспективалық бағыттары талқыланған болатын. Қол жеткізілген уағдаластықтарды жалғастыру мақсатында тараптар Токиода жапондық өнеркәсіптік компаниялардың өкілдерімен іскерлік кездесулер ұйымдастыру мүмкіндігін қарастыруда.

JIDA халықаралық іскерлік ынтымақтастықты дамытуға, серіктестер іздеуге, технологиялар трансферіне және жапондық компаниялардың шетелдік нарықтарға шығуына жәрдемдеседі. Ұйымның бағдарламаларына 70-ке жуық жапондық компания қатысады. Ал Қазақстан оның халықаралық қызметіндегі басым бағыттардың бірі болып табылады.