Еңбек күні: елорда зауытындағы білікті маман

Еңбек күні: елорда зауытындағы білікті маман

Бүгін – Еңбек күні. Бұл – елдің дамуына адал еңбегімен үлес қосып жүрген жандарға құрмет білдіретін күн.

Елордадағы №1 Индустриялық паркте орналасқан Электровоз құрастыру зауытында мыңға жуық адам еңбек етеді. Кәсіпорында еліміздің теміржол саласына арналған электровоздар мен олардың құрамдас бөліктері өндіріліп, отандық және сыртқы нарықтың сұранысына сай өнім шығарылады.

Солардың қатарында зауытта бес жылдан бері еңбек етіп келе жатқан Алмагүл Қайымбекова бар. Ол кабель цехында V разрядты электрмонтаждаушы болып жұмыс істейді. Бұл – үлкен дәлдікті, тиянақтылықты және кәсіби білімді талап ететін маңызды мамандық. Алмагүл әр электровоздың басқару жүйесіне қажетті төмен және жоғары вольтты кабельдерді құрастырып, олардың дұрыс жалғануын қамтамасыз етеді.

«Бір пультті жасауға шамамен бес күн, яғни 160 сағат уақыт жұмсаймыз. Әрбір сымның өз орны бар. Сондықтан жұмысқа үлкен жауапкершілікпен қараймыз», – дейді тәжірибелі маман.

Абай облысынан Астанаға 15 жыл бұрын қоныс аударған Алмагүл бүгінде өз кәсібін қаланың ірі өндіріс орындарының бірінде абыроймен атқарып жүр. Ол үшін еңбегінің нәтижесін көру – үлкен қуаныш. Әсіресе теміржолда жүйткіп бара жатқан электровоздарды көргенде, олардың әрқайсысында өз қолтаңбасының барын сезінеді.

Еңбекпен елге қызмет ету – үлкен мәртебе. Еңбек күні құтты болсын!