Астанаға үш облыстан 400 тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімі жеткізілді

Астанаға үш облыстан 400 тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімі жеткізілді

Астанада Маңғыстау, Алматы және Абай облыстарының тауар өндірушілері қатысқан кезекті ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті.

Елорда тұрғындарына фермерлерден тікелей жеткізілген ет, балық, сүт өнімдері және басқа да азық-түліктің кең ассортименті ұсынылды. Бұл азық-түліктің қолжетімділігін арттырып қана қоймай, отандық өндірушілерді қолдауға мүмкіндік берді.

Үш өңірдің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері Астанаға 400 тоннадан астам өнім әкелді. Оның ішінде 170 тонна көкөніс пен жеміс-жидек, 100 тонна ет және ет өнімдері, 40 тонна бал, 25 тонна сүт өнімдері, 17 тонна бақша өнімі, 10 тонна балық және 40 тоннадан астам басқа да азық-түлік болды.

«Бұл жәрмеңке басталғалы тұрақты келіп тұрамын. Себебі жәрмеңке қолжетімді бағамен азық-түлік алуға ғана емес, әр өңірге тән сапалы әрі ерекше өнімдерді сатып алуға мүмкіндік береді.

Мәселен, өткен аптада Қызылорданың күріші мен тары-талқаны, қауындары үшін келсем, осы жолы Маңғыстаудың шұбаты мен қызыл балығы, Семейдің ши бауырсағы мен Саржал қымызы, Алматының апорты үшін келдім. Жалпы, жәрмеңке халыққа ерекше мерекелік көңіл-күй сыйлайды. Бәрін бірдей сатып алу міндет емес, әр өңірге тән ерекше өнімдерден дәм татып, сол өлкеге барып келгендей әсер алудың өзі маңызды», – деді елорда тұрғыны Айгүл Құлданаева.

Абай облысының ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, өңірден елордаға 200 тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімі жеткізілді. Жәрмеңкеге облыстың әр өңірінен келген шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлер қатысып, өз өнімдерін ұсынды.

Абай облысының тауар өндірушілері 50 тоннаға жуық ет, 70 тонна бал, 30 тонна көкөніс, 30 тонна қарбыз, сондай-ақ сүт және шұжық өнімдерін, қымыз, ұлттық тағамдар мен басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерін ұсынды.

Барлық өнім жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерден тікелей жеткізілді. Бұл делдалдар санын азайтып, өнімдерді тұтынушыларға қолжетімді бағамен ұсынуға мүмкіндік берді.

Жәрмеңкенің басты мақсаты – Абай облысының сапалы әрі табиғи өнімдерін елорда тұрғындарына таныстыру, жергілікті өндірушілерді қолдау және өңіраралық сауда байланыстарын нығайту болды.

Жәрмеңке «Қазанат» ипподромының автотұрағында, Қарқаралы тасжолы, 1 мекенжайында өтті. Елорда тұрғындары мен қонақтарына ыңғайлы болу үшін жәрмеңке өтетін орынға №18, 37 және 303 автобус бағыттары қатынады. Жәрмеңке сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін жұмыс істеді.