Астанада Coventry University Kazakhstan университетінің жаңа кампусының құрылысы басталды

Астанада Coventry University Kazakhstan университетінің жаңа кампусының құрылысы басталды

Астанада Coventry University Kazakhstan Халықаралық университетінің жаңа кампусының құрылысына орай, уақыт капсуласын салу рәсімі өтті.

Жаңа кампус британдық академиялық стандарттар мен халықаралық тәжірибені ұштастыра отырып, қазақстандық жастарға әлемдік деңгейдегі жоғары білім алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ ол елорданың заманауи білім беру инфрақұрылымының маңызды нысандарының біріне айналмақ.

Салтанатты рәсімге ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, қала әкімінің орынбасары Талғат Рахманберді, ҚР Ұлыбританиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Әлібек Бақаев, Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінің елшісі Салли Джейн Аксуорси, Ұлыбритания Парламенті Лордтар палатасының мүшесі, Ұлыбританияның Әзербайжан мен Орталық Азия елдеріндегі сауда жөніндегі өкілі Лорд Джон Олдердайс, сондай-ақ Coventry University және Coventry University Kazakhstan басшылығының өкілдері қатысты.

Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылып жатқан бұл жоба қазақстандық студенттердің халықаралық білім беру бағдарламаларына қолжетімділігін арттырып, Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы академиялық ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді.

Сонымен қатар, жаңа кампустың ашылуы елорданың білім беру инфрақұрылымын дамытуға және Астананың халықаралық білім берудің өңірлік орталығы ретіндегі мәртебесін нығайтуға үлес қосады.

 

https://www.instagram.com/p/Ddl18p6Mnop/