
Астанада «Даму» қорының Ашық есік күні аясында 180-нен астам кәсіпкерге кеңес берілді. Бір алаңда кәсіпкерлер, Қор басшылығы мен мамандары, Астана қаласы әкімдігінің Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының, елордалық Мемлекеттік кірістер департаментінің, банктер мен Қор ұсынған консалтингтік компаниялардың өкілдері бас қосты. Кездесудің негізгі тақырыбы бизнесті мемлекеттік қолдаудың қолданыстағы құралдары болды.
«Ашық есік күндерін еліміздің барлық өңірінде екінші жыл қатарынан өткізіп келеміз. Біз үшін бұл ең алдымен кәсіпкерлерден тікелей кері байланыс алып, барынша ашық болуға, олардың сұраныстарын тыңдауға және бизнесті бүгін қандай мәселелер толғандыратынын түсінуге мүмкіндік. Сондықтан «Даму» қорының басшылығы мұндай іс-шараларға тікелей қатысып, кәсіпкерлерге жеке кеңес береді. Бұл бізге кәсіпкерлерге қай жерде ақпарат жетіспейтінін көріп, осы олқылықтың орнын жедел толтыруға мүмкіндік береді», - деді «Даму» қорының Басқарма төрағасы Фархат Сарсекееев.
Қатысушыларға қолданыстағы қаржылық және қаржылық емес қолдау шаралары таныстырылып, бірыңғай фронт-офис пен мобильді фронт-офистердің жұмысы туралы айтылды. Жалпы бөлімнен кейін қатысушылар жекелей кеңес алып, тиісті даму институтының, банктің немесе мемлекеттік органның өкілдеріне тікелей жүгіне алды.
«Даму» қорының Ашық есік күндері еліміздің барлық өңірінде өтеді. Алдағы Ашық есік күндері мен мобильді фронт-офистердің жұмыс кестесі туралы ақпарат «Даму» қорының ресми сайтында және әлеуметтік желілерінде жарияланады. Кеңес алу үшін 1408 Бірыңғай байланыс орталығына да жүгінуге болады.