
Халықаралық Астана әуежайы жаңа тарихи рекорд орнатты: 2026 жылғы шілденің қорытындысы бойынша жолаушылар ағыны алғаш рет бір айда 1 миллион жолаушыдан асты. Бұл – елорда әуежайы тарихындағы бір айдағы ең жоғары көрсеткіш.
Тарихи меженің бағындырылуы әуежайдың маршруттық желісін жүйелі түрде дамыту, жаңа халықаралық бағыттарды ашу және қолданыстағы бағыттар бойынша рейстер жиілігін арттыру нәтижесінде мүмкін болды. 2026 жылы Халықаралық Астана әуежайының маршруттық желісі жаңа халықаралық бағыттармен толықты. Ларнака (Кипр), Ұланбатыр (Моңғолия), Гуанчжоу (Қытай), Ереван (Армения) және Даламан (Түркия) қалаларына рейстердің ашылуы нәтижесінде халықаралық бағыттардың саны 42-ден 47-ге дейін артты. Сонымен қатар жолаушыларға Қазақстанның 18 ішкі бағыты бойынша әуе рейстері қолжетімді.
Әуе жолаушылар ағынының өсуі Астананы туристік және іскерлік орталық ретінде ілгерілету бағытындағы белсенді жұмыстармен қатар жүзеге асырылуда. «Astana Tourism» туризмді дамыту орталығы халықаралық және өңіраралық ынтымақтастықты жүйелі түрде кеңейтіп, туристік көрмелер мен халықаралық іс-шараларға қатысады, елорданың туристік әлеуетін таныстыратын презентациялар өткізіп, шет мемлекеттердің туристік индустрия өкілдерімен әріптестік байланыстарды дамытады.
Тікелей әуе рейстері географиясының кеңеюі елордаға шетелдік туристерді тартуға және туристік ағынды арттыруға қосымша мүмкіндіктер береді. Жаңа бағыттар Астананың көлік қолжетімділігін арттыруға, ішкі туризмді дамытуға және елорданың халықаралық туристік орталық ретіндегі мәртебесін нығайтуға ықпал етеді.