Астанада Comic Con Astana 2026 фестивалінің соңғы күні өтті

Астанада Comic Con Astana 2026 фестивалінің соңғы күні өтті

9 тамызда Comic Con Astana 2026 халықаралық фестивалінің төртінші, яғни қорытынды күні өтті.

Күннің басты оқиғаларының бірі «Барыс Арена» кешенінің негізгі сахнасында өткен косплей байқауының финалы болды. Қатысушылар фильмдер, сериалдар, комикстер, аниме және бейнеойындар кейіпкерлерінің өз қолдарымен жасаған образдарын таныстырды. Байқау бағдарламасы аяқталғаннан кейін жеңімпаздарды марапаттау рәсімі өтті.

Comic Con Astana 2026 фестивалінің басты хедлайнерлері әлемге танымал актерлер Николай Костер-Вальдау, Пол Андерсон, Иньяки Годой және Таз Скайлар болды. Фестиваль күндері актерлермен ашық кездесулер ұйымдастырылды. Олар шығармашылық жолы мен танымал жобалардағы жұмыстары туралы айтып, көрермендердің сұрақтарына жауап берді және жанкүйерлерімен тілдесті.

Биыл фестиваль бірден екі алаңда ұйымдастырылды. «Барыс Аренада» сахналық қойылымдар, халықаралық жұлдыздармен кездесулер, фотосессиялар мен қолтаңба сессиялары өтті. Ал «Алау» мұз сарайында көрме және ойын алаңдары, тақырыптық стендтер, интерактивті аймақтар мен фестиваль маркеті жұмыс істеді.

Фестиваль барысында келушілер ойын индустриясының әр кезеңіне тиесілі ойындарда бақ сынап көрді: Dendy, Sega Mega Drive, PlayStation One және NES сияқты классикалық приставкалардан бастап, заманауи жарыстар мен интернет-челлендждерге дейін қатысты. Қонақтар үшін қауіпсіз жаттығу жекпе-жектері өткізілген ортағасырлық семсерлесу алаңы да ұйымдастырылды.

Төртінші күн поп-мәдениет жанкүйерлерін, шығармашылық индустрия өкілдерін, суретшілерді, косплейерлерді және цифрлық контент жасаушыларды біріктірген Comic Con Astana 2026 фестивалінің мазмұнды бағдарламасын қорытындылады.