
Астанада «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясындағы көрме өтті. Биыл оған елорданың 38 тауар өндірушісі қатысты.
Көрмеде қатысушылар азық-түлік өнімдерін, киім-кешекті, қолөнер бұйымдарын, табиғи косметиканы, ағаштан, былғарыдан және киізден жасалған бұйымдарды, сондай-ақ жергілікті шикізаттан өндірілген өзге де өнімдерді таныстырды.
Іс-шараның ашылуында Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Қанат Әлин жобаның Қазақстанда 2023 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқанын және өз тиімділігін көрсеткенін атап өтті. Оның айтуынша, жобаның басты мақсаты – бірегей жергілікті шикізат негізінде бәсекеге қабілетті өнім шығарып, технологияларды жетілдіру арқылы Астанада ғана емес, елімізден тыс жерлерде де танылатын отандық брендтерді қалыптастыру.
Көрме қорытындысы бойынша конкурстық комиссия 20 жартылай финалисті анықтады. Енді олардың жобаларын өңірлік бренд комитеті қарап, үздік 10 финалисті іріктейді. Олар өндірісті дамытуға қажетті жабдық сатып алуға арналған 5 миллион теңге көлеміндегі грантқа үміткер болады.
Финалистерге маркетингтік сүйемелдеу, SMM-ілгерілету, маркетплейстермен жұмыс істеуге оқыту, өнімнің қаптамасы мен брендін әзірлеу және жаңарту, сондай-ақ өндіріс технологияларын жетілдіру, өнімді стандарттау, штрих-код алу және тауар белгісін тіркеу бойынша кешенді қолдау көрсетіледі.
https://www.instagram.com/p/DbKpGkPoRd5/