Олжас Бектенов «RnR Group» кәсіпорнының өндірістік қызметімен танысты

Олжас Бектенов «RnR Group» кәсіпорнының өндірістік қызметімен танысты

Бүгін Олжас Бектенов «RnR Group» ЖШС-нің нан-тоқаш және сүт өнімдерін шығару зауыттарында кәсіпорындардың өндірістік қуаттарын және жұмысты ұйымдастыру жағдайларын қарап шықты.

Премьер-министрге қайта өңдеуді дамытуға, отандық азық-түлік өнімдерін шығаруды кеңейтуге және елорданың азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға жалпы құны 8,8 млрд теңге болатын жобалар бағытталғаны баяндалды. Өндірістердің қуаттылығы – тәулігіне 25 тоннаға дейін ұн өнімдері және 100 тоннаға дейін сүт өнімдері. Кәсіпорындар жергілікті шикізат базасын пайдаланады. Өнімдер елорданың сауда нүктелеріне, әлеуметтік нысандары мен желілеріне жеткізіледі.

Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Халел Әкімжанов елорданың азық-түлік қауіпсіздігін нығайту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. 2025–2026 жылдары Астанада сыйымдылығы 12 мың тонна болатын 2 көкөніс қоймасы және жылына 53 мың тонна өнім өңдеуге қауқарлы 3 қайта өңдеу зауыты іске қосылды. 18 мың тонна көкөніс жеткізу бойынша келісімшарттар жасалды. Алдағы екі жылда агроөнеркәсіптік кешен саласында жалпы құны 180 млрд теңгені құрайтын 7 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Нәтижесінде 1,6 мың жаңа жұмыс орны ашылады.

 

@primeministerkz

https://t.me/KZgovernment