Олжас Бектенов Президенттің нақты секторды дамыту жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысын тексерді

Олжас Бектенов Президенттің нақты секторды дамыту жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысын тексерді

Премьер-министр Астана қаласына жұмыс сапары аясында Президенттің өнеркәсіпті дамыту, инфрақұрылымды нығайту және АӨК-тегі қайта өңдеуді тереңдету жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысын тексерді. Олжас Бектенов логистикалық орталық, медициналық бұйымдар өндіретін зауыт, нан-тоқаш, сүт және ет өнімдерін шығаратын кәсіпорындарға барды.

@jenis_qasymbek қала экономикалық дамудың жоғары қарқынын сақтап, еліміздің жетекші іскерлік орталықтарының бірі ретіндегі рөлін нығайтып отырғанын баяндады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша жалпы өңірлік өнім көлемі 18,9 трлн теңгеге жетті. Елорда негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі бойынша республикада бірінші орында тұр. Биылғы төрт айда 587 млрд теңге инвестиция тартылды, оның шамамен 80%-ын жеке инвестициялар құрады. Қазіргі таңда Астанада 246 мың шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді. Бұл секторда шамамен 560 мың адам жұмыспен қамтылған. ШОБ-тың қала экономикасына қосқан үлесі рекордтық деңгейге – 66%-ға жетті. 2026 жылы 26 өнеркәсіптік жобаны іске қосу жоспарланған. Қазірдің өзінде құны 32 млрд теңге болатын 8 жоба пайдалануға беріліп, 500-ге жуық жұмыс орны ашылды. Сондай-ақ жыл соңына дейін құны 36 млрд теңге болатын 18 жобаны іске қосып, мыңға жуық жұмыс орнын ашу көзделіп отыр.

Премьер-министрге «Technodom» көтерме-бөлшек сауда кәсіпорны» АҚ заманауи логистикалық орталығында кешеннің жұмысы мен елорданың көлік және қойма инфрақұрылымын одан әрі дамыту жобасы таныстырылды. Ауданы 22 мың шаршы метрден асатын логистикалық орталық 11 мың паллеттік орынға есептелген.

Сонымен қатар Премьер-министрге жеке инвестиция көлемі 300 млн асатын 223,1 гектар логистикалық парк жобасы таныстырылды. Әлеуетті қатысушылар арасында YXE Trading Service Group, S Sistem Lojistik Hizmetler, «Қазпошта» және Rhino Logistic компаниялары бар.

Сондай-ақ Астана қаласында Wildberries Kazakhstan компаниясының ірі логистикалық хаб құрылысының барысы таныстырылды. Жалпы аумағы 160 мың шаршы метрді құрайтын жоба аясында 6 мың жұмыс орнын ашу көзделген. Нысанды пайдалануға беру 2027 жылдың І тоқсанына жоспарланған. Жобаның инвестиция көлемі – 47,7 млрд теңге.

@primeministerkz
https://t.me/KZgovernment