Астана делегациясы Қытайда өткен BRICS PartNIR Forum 2026 форумына қатысты

Астана делегациясы Қытайда өткен BRICS PartNIR Forum 2026 форумына қатысты

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Рахымжан Исақұлов бастаған Астаналық делегация Қытайдың Сямын қаласында өткен BRICS PartNIR Forum 2026 «Advancing the Network of Partner Cities on New Industrial Revolution» форумына қатысты.

Делегация құрамына елорданың Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының, сондай-ақ «Astana Invest» қалалық инвестицияларды дамыту орталығы өкілдері де кірді.

«Advancing the Network of Partner Cities on New Industrial Revolution» панельдік сессиясы аясында отандық мамандар Астананың даму перспективалары мен инвестициялық тартымдылығы туралы баяндама жасады.

Сондай-ақ жетекші қытайлық кәсіпорындардың өнімдері қойылған көрмені аралап, заманауи технологиялық және өнеркәсіптік шешімдермен танысты.

Форум барысында «Golden Dragon» брендіне тиесілі жолаушылар автобустарын шығаратын зауытқа да барды. Делегация өкілдері шасси құрастырудан бастап дайын автобусты шығаруға дейінгі өндірістің толық циклімен танысты.

Аталған зауыт Қытайдың автомобиль өнеркәсібіндегі жетекші кәсіпорындардың бірі болып табылады және жолаушылар автобустарын Қазақстанды қоса алғанда, әлемнің 100-ден астам еліне экспорттайды.

Халықаралық ынтымақтастықты кеңейту мақсатында саммит аясында «Beijing Gongxin International» және «Zijin Gold International Company Limited» компанияларының өкілдерімен B2B форматындағы кездесулер өтті. Келіссөздер барысында жаңа өнеркәсіптік революция серіктес қалалары желісін дамыту, өнеркәсіптік ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ Қазақстан астанасына инвестиция тарту мәселелері талқыланды.