Astana Tourism Екатеринбургте

Astana Tourism Екатеринбургте

Екатеринбург қаласында Қазақстан астанасының туристік әлеуетін таныстыруға арналған Astana Tourism көшпелі роуд-шоулар сериясының қорытынды іс-шарасы өтті.

Іс-шараны Екатеринбург қаласы әкімшілігі аппаратының басшысы Марина Фадеева құттықтау сөзімен ашты.

Шара барысында қатысушыларға Астананың туристік әлеуеті таныстырылды. Атап айтқанда, елорданың негізгі туристік бағыттары, іс-шаралар күнтізбесі, орналастыру орындары, мәдени-ойын-сауық және гастрономиялық ұсыныстары туралы ақпарат берілді.

«Туристік нарық қатысушыларының күш-жігерін үйлестіре отырып, біз аудиторияның хабардарлығын арттырып, Орталық Азиядан келетін туристердің қызығушылықтары мен мәдени ерекшеліктеріне бейімделген жаңа әрі сұранысқа ие турөнімдерді қалыптастыра аламыз. Қазақстан өз кезегінде Свердловск облысының тұрғындарына қызықты болатын бірегей маршруттар мен бағдарламалар ұсына алады», — деді Свердловск облысының Туризм және қонақжайлылық индустриясы департаментінің басшысы Татьяна Белик.

Роуд-шоу аясында «Astana Tourism» туризмді дамыту орталығы мен «Свердловск облысының туризмді дамыту орталығы» мемлекеттік бюджеттік мекемесі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Сонымен қатар Қазақстан мен Ресейдің туристік бизнес өкілдері арасында да ынтымақтастық туралы меморандумдар жасалды.

Свердловск облысының халықаралық және сыртқы экономикалық байланыстар министрі Вячеслав Яриннің айтуынша, қол қойылған меморандумдар өңіраралық маршруттарды бірлесіп әзірлеуге, кәсіби құзыреттермен алмасуға және мәдениаралық жобаларды іске қосуға негіз қалайды. Келесі кезеңде нақты турөнімдерді әзірлеу және туристік топтармен өзара алмасудың пилоттық бағдарламаларын іске қосу жоспарланып отыр.

 

https://www.instagram.com/p/DYy-hFgvKl7/?hl=ru