
Елордада «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында металл айналымы саласындағы заңсыз қызметті анықтау және жолын кесу бойынша іс-шаралар жүргізілді.
Жұмысты Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы, қалалық Полиция департаменті және Сарыарқа ауданы әкімдігі бірлесіп ұйымдастырды.
Тексеруге қала тұрғынының зират аумағынан қоршаулардың ұрлануына қатысты өтініші негіз болған.
Жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде заң талаптарын бұза отырып, тиісті рұқсат құжаттарынсыз жұмыс істеген металл қабылдау пункті анықталды.
Айта кетейік, 2024 жылдан бастап қара және түсті металл сынықтарын жинау, сақтау, өңдеу және өткізу қызметі міндетті түрде лицензиялауға жатады. Бұл талаптарды сақтамау заңнамаға сәйкес жауапкершілікке әкеп соғады.
Тексеру барысында оқиға орнында зираттардағы вандализм фактілеріне қатысы болуы мүмкін заттар – металл қоршаулар, құлпытастар мен кресттер, сондай-ақ металл үстелдер тәркіленді.
Аталған дерек бойынша тексеру жұмыстары жалғасуда.
Астана қаласының әкімдігі кәсіпкерлерді заң талаптарын қатаң сақтауға, ал тұрғындарды құқықбұзушылық фактілері туралы уәкілетті органдарға хабарлауға шақырады.
https://www.instagram.com/p/DXYe26CjMKn/
#заңментәртіп #законипорядок