
Бүгін Астанада ҚР Бас Прокуроры Берік Асыловтың төрағалығымен инвестицияларды қорғауға арналған Форум өтті.
Форум жұмысына Премьер-Министрдің Бірінші орынбасары Роман Скляр, Мәжіліс Парламентінің депутаттары, Астана қаласы әкімінің орынбасары Евгений Глотов, ҰКП «Атамекен», Сыртқы инвесторлар кеңесінің мүшелері, Қазақстандағы Еуропалық Одақ Елшісі, ірі отандық және шетелдік бизнес, сондай-ақ БҰҰ, ЕҚЫҰ, Еуразиялық даму банкінің өкілдері қатысты.
Форумды ашқан Бас Прокурор инвестор нақты қорғалғанын сезінуі, құқықтық ортадағы ашықтық пен тұрақтылыққа сенімді болу керектігін атап өтті. «Біздің жұмысымыз мемлекеттік органдардың заңдылық, болжамдылық және жауапкершілік қағидаттарына негізделген, яғни «Заң мен тәртіп» идеологиясына сүйенеді. Инвесторлардың қызметіне заңсыз араласу әрекеттері прокуратура тарапынан тоқтатылады».
Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес Бас Прокурорға Инвестициялық омбудсмен өкілеттігі берілген.
Инвестор құқықтарын қорғау комитеті оның жұмыс органы болып табылады, ал өңірлерде бұл функцияны аймақ прокурорлары жүзеге асырады.Бұл күрделі жағдайларды тез шешуге және инвесторларды институционалды қорғаудың жоғары деңгейін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Форумның ерекшелігі ретінде Инвестор құқықтарын қорғау комитетінің
төрағасы жаңа инвестициялық қолдау құралдарын таныстырды. Олар Президенттің қолдауына ие болып, заңнамалық түрде бекітіледі.
Мәселен прокурорға міндетті түрде орындалуы тиіс ұйғарымдар енгізу құқығы берілген. Инвестициялық жобаға персоналды прокурор бекітіліп, жылдың басынан бастап оның проактивті жұмысы шамамен 600 инвестордың құқықтарын қорғауға мүмкіндік берді. Ал Комитеттің инвестициялық портфелі 1 мың жобамен толығып, жалпы сомасы 12 трлн теңге болды.
Қазіргі уақытта прокурорлық сүйемелдеуде 2,8 мыңнан астам инвестициялық жоба бар. Олардың жалпы құны 96 трлн теңге. Заңнаманы жетілдіру үшін Комитет жанында мемлекеттік органдар, бизнес-қоғамдастық және халықаралық сарапшылардың қатысуымен Сараптамалық кеңес құрылуда.
Кеңестің қызметі инвестициялық климатты жақсарту бойынша ұсыныстарды тоқсан сайын дайындауға бағытталған.
Сонымен қатар, инвесторлар мен мемлекеттік органдар арасындағы дауларды тиімді шешу үшін Дауларды сотқа дейін шешу комиссиясы құрылатын болады.