
Елордадағы «Алматы» ауданында шағын және орта бизнес нысандарында дератизациялық іс-шараларды жүргізу бойынша жүйелі жұмыстар жалғасуда.
Қолайлы ауа райының басталуына байланысты сауда, қоғамдық тамақтану және қызмет көрсету саласындағы кәсіпорындарда кеміргіштердің санын азайтуға және қауіпті жұқпалы аурулардың таралуының алдын алуға бағытталған шаралар күшейтілді.
Жүргізіліп жатқан жұмыстар аясында ШОБ нысандарында жоспарлы өңдеу және тексеру жұмыстары жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, қойма үй-жайлары, жертөлелер, өнім сақтау орындары және іргелес аумақтар қамтылып, кеміргіштердің таралу ошақтарын анықтау және жоюға ерекше назар аударылуда. Сонымен қатар санитариялық нормалар мен талаптардың сақталуы бақылауға алынған.
Аталған іс-шаралар санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде, халықтың денсаулығын қорғауда және бизнестің тұрақты жұмыс істеуін қолдауда маңызды рөл атқарады. Кеміргіштер түрлі жұқпалы аурулардың тасымалдаушылары болғандықтан, оларды дер кезінде анықтау және жою ықтимал індеттердің алдын алуда шешуші мәнге ие.
Кәсіпкерлерді санитариялық талаптарды сақтауға, профилактикалық іс-шараларды уақтылы жүргізуге және өз нысандарын тиісті деңгейде ұстауға шақырамыз.