
Астанада 21 наурыз күні сағат 14:00-де Халықаралық EXPO көрме орталығында «Наурыз базары» азық-түлік жәрмеңкесі ашылды. Онда «Алтын сапа» сыйлығының қатысушылары мен жеңімпаздарын қоса алғанда, отандық өндірушілердің өнімдері ұсынылды.
Жәрмеңкеге Қазақстанның 50 өндірушісі қатысты. Келушілер табиғи өнімдерді сатып алып, жергілікті брендтермен танысып, отандық өндірісті қолдай алды.
Ашық аспан астындағы фудкорттар көшесі ерекше назар аудартты. Онда қала тұрғындары мен қонақтары ұлттық тағамдардан дәм татып, мерекелік атмосфераны толық сезінді. Сондай-ақ онда Наурыз көжеге арналған үлкен қазан орнатылды. Оның жанында түрлі тағамдар ұсынылған гастрономиялық павильондар орналасты: дәмді қуырдақ, хош иісті ыстық бауырсақ, тойымды палау және жаңа піскен самса.
Мерекелік көңіл күй, дәмнің алуан түрлілігі мен кең дастархан бұл гастрономиялық аймақты елордадағы Наурыз мейрамының басты тартымды орындарының біріне айналдырды.
https://www.instagram.com/p/DWLkHp_jVMF/