
Астанада «Автокомпоненты KZ» зауыты жұмыс істейді — бұл арнайы және мамандандырылған техниканы өндіретін әрі жеткізетін қазақстандық кәсіпорын. Кәсіпорын 2025 жылдың қаңтар айында пайдалануға берілді. Өндірістік кешеннің жалпы аумағы 6 мың шаршы метрді құрайды, ал жобалық қуаттылығы жылына 400 бірлікке дейін техника мен аспалы жабдық өндіруге мүмкіндік береді.
Компания Қазақстан нарығында 10 жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп, әртүрлі мақсаттағы техниканы жеткізетін сенімді серіктес ретінде өзін танытты. Кәсіпорында автоцистерналар, әртүрлі сыйымдылықтағы және өнімділіктегі автотопливозаправщиктер, өрт сөндіру және авариялық-құтқару техникалары, коммуналдық және жол-құрылыс техникалары, күштік құрылымдарға арналған техника, тіркемелер мен жартылай тіркемелер, жол талғамайтын және қар-батпақ техникасы, сондай-ақ өздігінен жүретін машиналар өндіріледі.
Кәсіпорында жұмыспен қамту және әлеуметтік жауапкершілік мәселелеріне ерекше көңіл бөлінеді. Өндірістің дамуы әртүрлі біліктілік деңгейіндегі мамандар үшін жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етеді. Сонымен қатар өндіріс процесіне мүмкіндігі шектеулі азаматтар тартылған, ал шикізат пен құрамдас бөлшектер негізінен отандық өндірушілерден сатып алынады. Бұл өз кезегінде жергіліктендіру деңгейін арттырып, ұлттық өнеркәсіптің дамуын қолдайды.
Машина жасау саласындағы жобаларды қолдау қаланың экономикалық саясатының маңызды бағыттарының бірі болып табылады. Бұл саясат экономиканы әртараптандыруға, өндірістік әлеуетті кеңейтуге және Астананың тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге бағытталған.