
Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек «Вечерняя Астана» газетінде жарияланған мақаласында елорда дамуының негізгі бағыттары және Президент белгілеген стратегиялық курс қалай жүзеге асырылып жатқаны туралы айтты.
Әкімнің айтуынша, қалалық саясаттың негізі – «адамдарға арналған қала» қағидаты. Бұл ретте тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға, қолжетімді және инклюзивті орта қалыптастыруға басымдық беріледі.
Бас жоспардың басымдықтары
Әкімнің мәліметінше, 2025 жылы елорда экономикасына шамамен 2,5 триллион теңге инвестиция тартылды. Бұл негізгі капиталға салынған инвестициялар бойынша өңірлер арасындағы ең жоғары көрсеткіш болып табылады. Өсім 21,3 пайызды құрады, оның 65 пайызы жеке инвестициялар.
Шағын және орта бизнес қаладағы жалпы өңірлік өнімнің 74 пайызын және жұмыс орындарының шамамен 70 пайызын қамтамасыз етеді.
Астана халқы тұрақты өсіп келеді және 1,6 миллионнан асты. Жыл сайын шамамен 100 мың адамға көбейеді. Сонымен қатар маятниктік көші-қон салдарынан елордаға күн сайын 200 мыңнан астам адам келеді.
Осыған байланысты қалада тұрғын үй құрылысы қарқынды дамып келеді. 2025 жылы 4,8 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл – ел бойынша салынған тұрғын үйдің төрттен бір бөлігі.
Сонымен қатар әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға, қаланы абаттандыруға және жасыл аймақтарды көбейтуге ерекше назар аударылады.
Өмірді қамтамасыз ету инфрақұрылымы
Астана әкімі қаланың өмірді қамтамасыз ету инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті.
Бұған дейін №3 сорғы-сүзгі станциясының құрылысы және Астана су қоймасынан тартылған екінші су құбыры аяқталды. Нәтижесінде қала тәулігіне 100 мың текше метрден астам қосымша ауыз су алды. Қазіргі таңда ауыз су қорының артық көлемі тәулігіне 60 мың текше метрден асады.
Өткен жылы Нұра жер асты су кен орнынан су тарту жобасының жобалық құжаттамасы әзірленді.
Сонымен қатар ұзақ мерзімді шаралар аясында Сәтбаев атындағы каналдан жаңа су құбыры және төртінші ауыз су станциясы (НФС-4) салынуда. Су алу нысанының өнімділігі – тәулігіне 342 мың текше метр, ал НФС-4 қуаты – 210 мың текше метр.
Сонымен бірге №1 кәріз-тазарту станциясының қуаты ұлғайтылуда, №2 кәріз-тазарту станциясының құрылысы басталды. Көктал, Өндіріс тұрғын алаптары мен Индустриялық парк аумағында жергілікті тазарту құрылыстарының жобалары жүзеге асырылып жатыр.
Бұл жобаларды 2028–2029 жылдары аяқтау жоспарланған. Нәтижесінде қалада ұзақ мерзімді перспективаға арналған сенімді су бұру жүйесі қалыптасады.
Жылумен қамту және газдандыру жүйелері де жаңғыртылуда. Соңғы екі жылда жылу жүйесінің қуаты 34 пайызға артты, ал газдандыру деңгейі 95 пайызға жетті. Биыл елорданы толық газдандыру жоспарланып отыр.
Жол-көлік инфрақұрылымы
Қала дамуының маңызды бағыттарының бірі – жол-көлік инфрақұрылымын дамыту.
Қазіргі уақытта 2035 жылға дейінгі көлік жүйесін дамыту бағдарламасы іске асырылуда.
Қоғамдық көлік те жаңартылуда. Тек 2025 жылдың өзінде 422 автобус сатып алынды, нәтижесінде автобус паркі 1749 бірлікке жетті.
Соңғы екі жылда қоғамдық көлікпен қатынайтын жолаушылар саны 40 пайызға жуық артты – тәулігіне 800 мыңнан 1,2 миллион жолаушыға дейін.
Жақын уақытта LRT желісін іске қосу жоспарлануда. Қазіргі кезде жүйе сынақ режимінде. Бұл жоба қала ішінде қозғалыс жылдамдығын және қолайлылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Қабанбай батыр даңғылы бойымен, Республика даңғылына жалғасатын екі деңгейлі жолдың жобасы әзірленуде. Оның ұзындығы 12,4 шақырым. Құрылыс 2027 жылы басталады.
Осындай жылдам көлік дәліздері Сеул, Мәскеу, Токио, Бейжің, Бангкок және Париж қалаларында табысты жүзеге асырылған.
Өткен жылы Астанада 14 шақырым жаңа жол салынды, 60 шақырым жол жөнделді. Сонымен қатар екі көпір салынды.
Айтматов, А62, Мұхамедханов, Қонаев көшелерінде қозғалыс ашылды. Айтматов көшесінің іске қосылуы Тұран даңғылындағы көлік жүктемесін 12 пайызға азайтты.
Қалада Smart City жобасы аясында цифрлық технологиялар енгізілуде. Бірыңғай цифрлық платформа мен 60 мыңнан астам бейнебақылау камерасын біріктіретін жағдайлық орталық құрылуда. Бұл қауіпсіздікті арттырып, қалалық қызметтердің тиімділігін жақсартады.
Әлеуметтік сала
Әлеуметтік салада білім беру және медициналық нысандардың құрылысы жалғасуда.
Соңғы жылдары елордада 109 мың оқушы орнына арналған 44 мектеп салынды. Оның 23-і «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында.
2035 жылға дейінгі Бас жоспарға сәйкес 138 жаңа мектеп салу жоспарланған.
Сонымен қатар балабақшалар, студенттік жатақханалар және медициналық мекемелер салынып жатыр.
2026 жылы елордада 2 099 орындық 7 балабақша ашу жоспарланған:
– 750 орындық 3 мемлекеттік
– 1 349 орындық 4 жекеменшік.
2029 жылға дейін Астанада 14 мың орындық 60 балабақша салу жоспарланған.
Колледж студенттеріне арналған 1000 орынға жуық жатақхананың құрылысы аяқталды. Ол биыл бірінші тоқсанда пайдалануға беріледі.
Соңғы жылдары 21 медициналық нысан салынды. Оның ішінде ұлттық орталықтар мен қадамдық қолжетімділік поликлиникалары бар.
Алдағы уақытта екі перинаталдық орталық, №3 көпсалалы аурухана және шұғыл медициналық көмек нысандары салынбақ.
Абаттандыру
Елордада абаттандыру мен көгалдандыруға ерекше көңіл бөлінеді.
Соңғы үш жылда қалада 500-ден астам қоғамдық және аула аумағы абаттандырылды, 2,5 миллионнан астам жасыл желек отырғызылды.
Жаңа саябақтар, жаяу жүргіншілер бульварлары және қоғамдық кеңістіктер салынуда.
Қаланың көгалдандыру Жарғысы қабылданып, құрылыс салушылардың отырғызатын ағаш көлемі 2,5 есеге артты.
Әрбір ағашқа QR-код арқылы электронды паспорт беріледі.
Абаттандырудың жарқын мысалдары:
– жаңартылған Ұлытау аллеясы
– жаңғыртылған «Қазақ елі» алаңы
– Greenline жаяу жүргіншілер бульвары
– Бейбітшілік және келісім саябағы.
Бұл жұмыстардың негізінде «Таза Қазақстан» ұлттық жобасы жатыр. Жоба тұрғындардың табиғатты қорғау, тазалық пен тәртіпті сақтау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.
2026 жылы Астанада қоғамдық кеңістіктерді кешенді абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстары жалғасады. Қалада 173 локацияны жаңарту жоспарланған, оның ішінде 39 ірі жоба.
Қорытынды
Астана әкімі Жеңіс Қасымбек елорда алдында экономиканы дамыту, көлік жүйесін жаңғырту және әлеуметтік инфрақұрылымды кеңейту бойынша ауқымды міндеттер тұрғанын атап өтті.
Әкімнің айтуынша, Астананың дамуы Президент белгілеген стратегиялық бағытқа сәйкес жалғасады және жоғары өмір сапасы мен тұрақты инфрақұрылымы бар заманауи мегаполис қалыптастыруға бағытталған.