«Атамекен» ӨКП ұжымымен жаңа Конституция жобасы талқыланды

«Атамекен» ӨКП ұжымымен жаңа Конституция жобасы талқыланды

«Атамекен» Өңірлік кәсіпкерлер палатасының ұжымында негізгі заң нормаларын түсіндіруге арналған кездесу өтті. Диалогқа Астана қаласы мәслихатының депутаты Талғат Дүйсекеев қатысты.

Кездесу жаңа Конституция жобасын түсіндіруге арналған болатын. Бизнес өкілдеріне жаңартылған Басты заңның қағидаттары, әділдікті нығайту, заң үстемдігін қамтамасыз ету, құқықтарды қорғау және азаматтардың қоғамдық үдерістерге қатысуын кеңейту мәселелері бойынша жан-жақты түсіндірмелер берілді.

Жауапкершілік пен ашықтық мәселелеріне ерекше назар аударылды. Кәсіпкерлік қоғамдастық үшін бұл тақырыптардың практикалық маңызы зор: түсінікті әрі баршаға бірдей қолданылатын ережелер инвестициялық ахуал мен бизнестің тұрақтылығына тікелей әсер етеді.

Қатысушылар конституциялық өзгерістердің мемлекет пен қоғам арасындағы диалогты тұрақты тәжірибеге айналдыруға, неғұрлым ашық әрі болжамды ортаны қалыптастыруға ықпалы жөнінде пікір алмасты.

Елордада жаңа Конституция жобасын түсіндіру жұмыстары жалғасуда. Еңбек ұжымдарымен тікелей кездесулер форматы құжаттың негізгі ережелерін жеткізіп қана қоймай, кәсіби қауымдастықтардың, соның ішінде қаржы секторы өкілдерінің пікірін тыңдауға мүмкіндік береді.