
2026 жылғы 4 қаңтардан бастап Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының уақытша кеңейтілген тізбесі енгізілді.
Бұған дейін бұл тізімде 19 тауар болса, қазір олардың саны 31-ге дейін артты. Кеңейтілген тізімге қияр, қызанақ, алма, шай, қаймақ, балық, сиыр еті (сүйекті және сүйексіз), тауық еті, тауық, жылқы еті және қатты ірімшік кірді.
Бағаның негізсіз қымбаттауына жол бермеу үшін жыл басынан бері сауда орындарында бағаға тұрақты түрде мониторинг жүргізіліп келеді. Сонымен қатар кәсіпкерлерге түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылуда.
Осы жұмыстар аясында 13 қаңтарда Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Сауда комитеті төрағасының орынбасары Даулен Қабдушев пен Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Жаңабаев елордадағы базарларды аралап, баға жағдайын тексеріп, сатушылармен түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Аталған шаралар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақты ұстап тұруға және тұрғындардың құқықтарын қорғауға бағытталған.