Астанада қоғамдық тамақтану нысандарында өрт қауіпсіздігі бойынша профилактикалық рейдтер жүріп жатыр

Астанада қоғамдық тамақтану нысандарында өрт қауіпсіздігі бойынша профилактикалық рейдтер жүріп жатыр

Астанада қоғамдық тамақтану нысандарында өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған көшпелі түсіндіру іс-шаралары жалғасуда. Жұмыс қала бойынша Төтенше жағдайлар департаменті (ТЖД) мен аудандық әкімдіктердің бірлесуімен өтіп жатыр.

Аталған іс-шаралардың негізгі мақсаты – өртке байланысты төтенше жағдайлардың алдын алу және профилактика жүргізу. Тексеру барысында электр сымдарының жағдайына, желдету және сорғы-тазарту жүйелерінің жарамдылығына, сондай-ақ алғашқы өрт сөндіру құралдарының болуы мен жарамдылығына ерекше назар аударылады.

Мамандар қаладағы алты аудан аумағында орналасқан 80-нен астам қоғамдық тамақтану нысанын тексерді.

«Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті қала әкімдігімен бірлесіп дөнер, тандыр павильондары мен өзге де қоғамдық тамақтану орындарында профилактикалық рейдтер өткізуде. Іс-шараның басты мақсаты – өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуына бақылауды күшейту және алдын алу жұмыстарын жүргізу. Рейд барысында газ және электр жабдықтарының қауіпсіздігі, сондай-ақ өрт сөндіру құралдарының бар-жоғы мен жарамдылығы тексеріледі. Бұл шаралар төтенше жағдайлардың алдын алуға және қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған», – деді Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары, азаматтық қорғау подполковнигі Ғабит Бабаев.