ЕҰУ мен Астана әкімдігі инновациялық серіктестікті кеңейтуде

ЕҰУ мен Астана әкімдігі инновациялық серіктестікті кеңейтуде

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ЕҰУ ғалымдары мен Астана қаласы әкімдігінің өкілдері арасында кездесу өтті. Кездесудің басты мақсаты – университет әзірлеген ғылыми жобаларды таныстырып, оларды әкімдікпен бірлесіп іске асыру мүмкіндіктерін талқылау болды.

Іс-шара барысында ЕҰУ-дың жетекші ғалымдары инвестиция, экономика, цифрландыру, энергетика, мәдениет, тіл, білім беру, дін, көлік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, құрылыс және экология салаларындағы зерттеу нәтижелері мен ұсыныстарын ортаға салды. Ғалымдардың баяндамалары әлеуметтік-экономикалық дамуға бағытталып, өзекті мәселелерді шешуге ықпал ететін инновациялық шешімдерді қамтыды. Атап айтқанда, «Жасанды интеллект әдістері арқылы аймақтар, қалалар, аудандар мен елді мекендердің азық-түлік қауіпсіздігін мониторингтеу», «Астана қаласының тұрақты дамуының қаржылық тетіктері: ESG бағыты», «Дін, жад және реабилитация: Астана қаласы үшін үш бағыттағы ғылыми тәжірибелік бастама», «Ет өнімдерінің жеткізу тізбегін цифрландыру» және басқа да жобалар ерекше назарға ілікті.

ЕҰУ ғылым және коммерцияландыру жөніндегі проректоры Жанна Құрманғалиева университет пен әкімдік арасындағы ынтымақтастықты нығайту қажеттігін атап өтті:

«Ғылым мен технология барлық мемлекеттер үшін стратегиялық маңызы бар мәселе. Соған сәйкес, ғылым, бизнес және өндіріс арасындағы өзара байланысты дамытуымыз қажет. Өткен жылы Қазақстан Республикасының «Ғылым және технологиялық саясат туралы»  заңына енгізілген өзгерістер атқарушы органдарға ғылыми-зерттеу жұмыстарына арналған бюджетті қарастыруға мүмкіндік берді. Біздің даму бағдарламамыздың басты бағыттарының бірі – Астана қаласының әкімдігімен тиімді ынтымақтастық орнату, бұл арқылы қаланың экономикалық және әлеуметтік инфрақұрылымы біздің ғалымдардың әзірлемелерінен нақты нәтиже алады деп сенеміз. ЕҰУ ортақ дамуға бағытталған ынтымақтастыққа әрдайым дайын», – деді проректор.

Кездесу соңында тараптар бірлескен ғылыми жобаларды дамыту және зерттеу нәтижелерін тәжірибеде қолдану мүмкіндіктерін талқылады.

 

https://enu.kz/kz/news/5912