«Astana Tourism» Қытайдың туризмді дамыту тәжірибесін зерттеп жатыр

«Astana Tourism» Қытайдың туризмді дамыту тәжірибесін зерттеп жатыр

«Astana Tourism» туризмді дамыту орталығы Алматы қаласы, Маңғыстау және Түркістан облыстарының Туризм басқармаларының өкілдерімен бірлесіп, жұмыс сапарымен Қытайға барды. Ондағы мақсат – 5А туристік инфрақұрылымының стандарттарымен таныстыру.

Сапар барысында делегация Синьцзян және Шэньси провинцияларының, сондай-ақ Бейжің қаласының Мәдениет және туризм басқармаларының басшыларымен кездесулер өткізді. Тараптар мәдени және экологиялық туризм бағыттарындағы екіжақты ынтымақтастықтың перспективаларын, туристік аймақтарды тиімді басқару және ілгерілету механизмдерін талқылады. Сонымен қатар салаға мемлекеттік қолдау шаралары, соның ішінде инфрақұрылымға инвестициялар, ынталандыру бағдарламалары және қаржыландыру тетіктері қарастырылды.

«Қытайдағы 3А, 4А және 5А санаттағы туристік аймақтарды дамыту тәжірибесін зерделеу – біздің басым міндеттеріміздің бірі. Бұл Қазақстандағы туристік инфрақұрылым сапасын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік береді. Қытайдағы аталған аймақтар жоғары қызмет көрсету деңгейімен және әр детальға мұқияттылығымен ерекшеленетін үлгілі нысандар болып табылады. Бұл мәртебені алу үшін туристік аймақтар көліктік қолжетімділіктен бастап қауіпсіздік және туристік объектілер сапасына дейінгі барлық аспектілерді қамтитын қатаң аудиттен өтеді», – деді «Astana Tourism» туризмді дамыту орталығы Басқарма төрағасының орынбасары Саят Құсайынов.

Делегация сондай-ақ Үрімші, Сиань және Бейжің қалаларындағы ірі туристік нысандарды аралап, ҚХР-да қолданылатын туризмді басқару мен дамытудың инновациялық тәсілдерімен танысты.

Анықтама үшін: Қытайдағы 5А санатындағы туристік аймақтар – қызмет көрсету, қауіпсіздік, инфрақұрылым және мәдени құндылықтар бойынша ең жоғары ұлттық талаптарға сәйкес келетін нысандар. Бұл мәртебе ҚХР Мәдениет және туризм министрлігі тарапынан беріледі және тұрақты түрде бақылауға алынады.