Ресейдің Санкт-Петербург қаласында Халықаралық муниципалдық БРИКС форумы өтті

Ресейдің Санкт-Петербург қаласында Халықаралық муниципалдық БРИКС форумы өтті

Ресейдің Санкт-Петербург қаласында Халықаралық муниципалдық БРИКС форумы өтті. Оған әлемнің 70-тен астам мемлекеті мен 2000-ға тарта қала, аймақтарынан өкілдер қатысты. Форум муниципалитеттер, бизнес және қоғамдық ұйымдар арасында тәжірибе алмасуға және байланыстарды нығайтуға бірегей мүмкіндік береді.

Іскерлік бағдарлама аясында шара қатысушылары инвестиция, инновация, цифрландыру, денсаулық сақтау, экология және т.б. салалардағы дамудың негізгі бағыттарын талқылады.

Форумға Астана қаласы мәслихатының төрағасы Табиғат Зейнұлқаб бастаған делегация қатысты. Оның құрамына Елорданың Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Халел Әкімжанов, қалалық мәслихат депутаттары Асқар Смағұлов, Бауыржан Қасымбергебаев және ҚР-ның Санкт-Петербург қаласындағы Бас консулы Дмитрий Михно кірді.

Форум барысында Астана қаласының делегациясы Мемлекеттік Думаның өкілі Алексей Шапошниковпен ресми кездесу өткізді, сондай-ақ көрмеге қатысып, БАӘ AIM Global Foundation инвестициялық қорының президенті Дауд Аль Шезавимен келіссөздер жүргізді. Тараптар халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және әлеуеті жоғары жобаларға инвестиция салуға мүдделі екендіктерін білдірді.

Қазақстан үшін бұл форумның маңызы зор болды. Себебі көлік жүйелерін жаңғыртуға, қалаларды басқару үшін «ақылды» технологияларды енгізуге және тұрақты инфрақұрылымды дамытуға мүмкіндіктер ашылды.