Астанада кәсіби тур-көшбасшылар жұмысын бастайды

Астанада кәсіби тур-көшбасшылар жұмысын бастайды

Астанада 25 адам «Жеке гид» атты оқыту курсын тәмамдады. Енді Астанада да Грузия мен Ресейдегідей, жеке көлігі бар кәсіби тур-лидерлер қызмет көрсетеді. Олар қала қонақтарына шопинг-турлар, шай рәсімдері, музейлерге саяхат және өзге де жеке бағыттағы экскурсиялар ұйымдастыра алады.

Бұл қызметтің арқасында әр турист Астанадан өзіне тән мәдени ерекшелікті таба алады. Жобаның мақсаты – елордадағы туристік сервистің сапасын арттырып, қонақтарды кәсіби деңгейде сүйемелдей алатын мамандар даярлау.

Оқыту курсын «Astana Tourism» туризмді дамыту орталығы ұйымдастырды. Сабақтар теориялық және тәжірибелік бөлімдерден тұрды. Қатысушылар кәсіби коммуникация мен сервис негіздерін меңгеріп, қалалық навигация және туристерді ілесіп жүру дағдыларын үйренді, сондай-ақ елорданың тарихы мен көрікті жерлерімен танысты. Әр қонаққа жеке көзқарас таныту мен оның қызығушылығына сай маршрут таңдау мәселесіне ерекше назар аударылды. Бұған қоса, тыңдаушылар алғашқы медициналық көмек көрсету және қозғалысы шектеулі топтармен жұмыс істеу бойынша білім алды.

Бағдарламаның тәжірибелік бөлігі қаланың басты туристік нысандарына экскурсия жасауды қамтыды. Қатысушылар туристерді әуежайда қарсы алу, қала бойынша сүйемелдеу тәртібін меңгеріп, қонақүйлер мен мейрамханаларға, Президент орталығына, Республикалық мешітке, «Бәйтерек» монументіне және басқа да көрнекті нысандарға барды.

Курс соңында барлық қатысушы емтихан тапсырып, тур-лидер әрі туристерді сүйемелдеуші маман ретінде жұмыс істеуге құқық беретін сертификаттарға ие болды.