
2025 жылғы 30 қазанда Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғылыми және академиялық бөлімшелерінің басшылары, өкілдері мен ғалымдары №1 Индустриялық парк аумағындағы кәсіпорындардың жұмысымен танысты.
Сапар барысында делегация бірқатар инновациялық компаниялардың қызметімен танысты:
«QR Systems» ЖШС – өндірістік мақсаттағы теле- және радиоаппаратура шығаруға маманданған кәсіпорын. Кездесу кезінде тараптар бірлескен ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды (ҒЗТКЖ) дамыту, интеллектуалды басқару жүйелерін енгізу және радиотехника мен автоматтандыру саласындағы жобаларды іске асыру перспективаларын талқылады.
«ATM Construction & Investment» ЖШС (YDA Group, Түркия) – заманауи өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын салумен айналысатын көпсалалы құрылыс және индустриялық кешен. Компания модульдік ғимараттар (prefabricated modular buildings), кеңсе және медициналық жиһаз, сондай-ақ ұшқышсыз және арнайы көлік жүйелеріне арналған жоғары технологиялық жабдықтар мен шешімдер өндіреді.
Сапар барысында тараптар студенттердің тәжірибелік даярлығын ұйымдастыру, технологиялар трансфері және энергия үнемдейтін, инновациялық және “жасыл” шешімдер бағытындағы бірлескен инженерлік-техникалық жобаларды дамыту мәселелерін талқылады.
«Digital System Service» ЖШС – модемдер мен коммутаторлар өндіретін заманауи зауыт. ЕҰУ делегациясы өндіріс процесін цифрландыру, IoT технологияларын енгізу және бірлескен ғылыми жобалар аясында тәжірибелік үлгілерді жасау мүмкіндіктерін қарастырды.
Сапардың негізгі мақсаты – ғылым мен өндіріс арасындағы ынтымақтастықты дамыту, серіктестік байланыстарды кеңейту және ұлттық экономиканың мүддесінде қолданбалы зерттеулер мен инновацияларды ілгерілету болды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қоюға, шаруашылық келісімшарттық жобаларды жүзеге асыруға және бірлескен ғылыми-техникалық бастамаларды дамытуға дайын екендіктерін білдірді.