Астана қаласындағы «Қазанат» ипподромында демалыс күндері Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарының ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерінің дәстүрлі ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті.
Жұртқа ыңғайлы болуы үшін сауда алаңы бірнеше аймаққа бөлінді. Кең павильонда ет пен шұжық өнімдері, балық, сүт және кондитерлік тағамдар қойылған сауда орындары жұмыс істеді. Сондай-ақ мұнда нан-тоқаш өнімдері, дегустациялар және ірі қайта өңдеу кәсіпорындарының стендтері ұйымдастырылды. Көшеде көкөніс пен жеміс-жидек сататын сөрелер орналастырылды.
Мерекелік көңіл күйді концерттік бағдарлама арттыра түсті: халық әндері мен көпшілік сүйетін әуендер орындалды.
Екі өңірдің тауар өндірушілері елордаға жалпы 800 тоннадан астам өнім әкелді.
Жәрмеңкеге Павлодар мен Солтүстік Қазақстан облыстарынан шамамен 200-ге жуық ауыл шаруашылығы тауар өндірушісі мен қайта өңдеу кәсіпорны қатысты. Сауда қатарларында өнімнің жүздеген түрі ұсынылды: ет, картоп, көкөніс пен бақша өнімдері, сүт өнімдері, жұмыртқа, балық, бал, шұжық өнімдері, ұн, макарон, жарма, нан өнімдері, тосап және басқа да тауарлар.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жәрмеңкенің мақсаты – отандық өндірушілерді қолдау және өңіраралық сауданы дамыту болды.
Петропавлдық омарташы Владимир жәрмеңкеге түрлі шөптен жиналған бал, жөке балы және күнбағыс балы түрлерін алып келді. Оның айтуынша, омарта экологиялық таза жерде орналасқан және бұл кәсіп отбасылық іске айналған.
«Біз Петропавлдан келдік, балды облыстың түкпір-түкпірінен жинаймыз. Барлығын өз қолымызбен жасаймыз, қант қоспаймыз, ешқандай химия жоқ. Мұндай бал қабаттаспайды, тез кристалданбайды, табиғи өнім саналады. Сатып алушылар үнемі: “Сіздің балыңыздан солтүстіктің иісі аңқиды” дейді. Бұл рас, бізде жер де, гүл де ерекше», – деді Владимир.
Келушілер жәрмеңкедегі бағалардың базар бағасынан төмен болғанын атап өтті.
Елорда тұрғыны Айгүл Сарсенова жәрмеңкеге отбасымен бірге келді. Оның айтуынша, мұндай шаралар халық үшін өте қажет.
«Мен жақын маңайда тұрамын, осы демалысты арнайы күттік. Мұнда нағыз табиғи өнімдер сатылады. Қой етін, картоп, бал алдым, ал ұлым печеньені жеп те үлгерді. Барлығы жаңа, дәмді, ең бастысы – бағасы қолайлы. Дүкендерде бәрі қымбат, ал мұнда апта сайынғы азық-түлікті толық алуға болады. Атмосферасы да ерекше», – дейді Айгүл.
Қолында балық пен ұн салынған сөмке ұстап тұрған оның жұбайы күлімсіреп:
«Мұндай жәрмеңкелер жиі ұйымдастырылса екен. Бұл жерде тіршіліктің лебі сезіледі, бұл жай базар емес, бұл – қала мен ауыл арасындағы байланыстың белгісі», – деді.