Астанада Бірінші арнаның «Повара на колёсах» жобасының түсірілімі өтті

Астанада Бірінші арнаның «Повара на колёсах» жобасының түсірілімі өтті

Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен Бірінші арнаның танымал гастрономиялық шоуы – «Повара на колёсах» бағдарламасының жаңа шығарылымының түсірілімі өтті.

Жобаның тарихында алғаш рет түсірілім тобы Қазақстан астанасына келіп, көрермендерді елорданың ерекше ұлттық асханасы, мәдениеті және қонақжай дәстүрімен таныстырды.

Бағдарламаға танымал шеф-аспаздар Алексей Каневский және Илья Бурнасов қатысты. Олар қазақ халқының мәдениетімен танысып, ұлттық тағамдарды заманауи үлгіде дайындап, авторлық нұсқада ұсынды. Түсірілім барысында бешбармақ, қуырдақ және бауырсақтың ерекше түрлері сияқты дәстүрлі тағамдарға айрықша назар аударылды.

Сондай-ақ, бағдарлама кейіпкерлері елорданың көрікті орындарын аралады. Олардың қатарында «Бәйтерек» монументі, Тәуелсіздік алаңы мен «Қазақ елі» монументі, Орталық мешіт, «Сарыарқа» велотрегі, сондай-ақ жергілікті базарлар мен қолөнер шеберханалары бар.

Астана тұрғындары мен қонақтары ұлттық тағамдардың жаңа форматтағы дәмін татып қана қоймай, түсірілім процесіне де қатысу мүмкіндігін алды.

Шеф-аспаз Алексей Каневский өз әсерімен бөлісіп:

«Біз көптен бері Қазақстанға, атап айтқанда, Астанаға келгіміз келген. Бұл – заманауи, серпінді дамып келе жатқан, бай мәдени мұрасы бар қала. Мұндағы ұлттық тағамдар асханасы ерекше, ал ең бастысы – адамдардың қонақжайлығы таңғалдырады», – деді.

«Повара на колёсах» – әйгілі шеф-аспаздар арнайы жабдықталған фудтракпен әртүрлі қала мен өңірлерді аралап, жергілікті гастрономиялық дәстүрлермен танысатын, жергілікті өнімдерден тағам әзірлейтін және тұрғындармен сұхбаттасатын аспаздық тревел-шоу.

Бағдарлама Бірінші арнада әр жексенбі сайын көрсетіледі, әр шығарылым жеке бағытқа арналады.