11 қыркүйекте елордада қалалық базарларды жаңғырту мәселелері бойынша жұмыс кездесуі өтті. Сауда базарларын жаңғырту жөніндегі Жол картасына сәйкес, Астанада жеті нысан жаңғыртудан өтеді. Олар: «Ұлжан», «Алтай», «Шанхай (Көк Базар)», «Сарыарқа», «Орталық базар», «Алаш» және «Шарын» базарлары.
Іс-шараны Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы мен Астана қаласы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті ұйымдастырды. Жиынға Төтенше жағдайлар департаментінің, Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің өкілдері мен базар кәсіпкерлері қатысты.
Кездесу барысында қатысушыларға жаңғырту талаптары бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда: автотұрақ аймақтарын ұйымдастыру, санитариялық нормаларды сақтау, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ онлайн төлем мен цифрлық шешімдерді енгізу мәселелері талқыланды.
Бүгінде еліміз бойынша базарларды ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Заңнамаға сәйкес, барлық сауда базарларын жаңғыртудың бірыңғай мерзімі – 2025 жылдың 31 желтоқсанына дейін белгіленген.