Жас кәсіпкерлерге арналған халықаралық бизнес алаңы

Жас кәсіпкерлерге арналған халықаралық бизнес алаңы

Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің, Астана қаласы әкімдігінің, Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен Астанада алғашқы Қазақстан-Қытай жас кәсіпкерлер форумы өз жұмысын бастады.

2025 жылғы 12-14 тамыз аралығында өтетін форум аясында Қазақстан мен Қытайдың жас кәсіпкерлері тәжірибе алмасып, іскерлік байланыстар орнатып, өзара тиімді ынтымақтастық орнатуға мүмкіндік алады. Форумның мақсаты – екі елдің жас кәсіпкерлері арасында серіктестік орнатып, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға жол ашу.

Іс-шара барысында «Astana Invest» компаниясының Сыртқы байланыстарды үйлестіру департаментінің директоры Әлібек Асқаров инвесторларға арналған қолдау тетіктері, мемлекеттік ынталандыру шаралары мен салықтық преференциялар туралы баяндама жасады.

Қытай делегациясының құрамына Шэньси провинциясының Жастар электронды коммерция одағының өкілдері, GR-құрылымдар, инвесторлар мен технологиялық серіктестер кірді.

Форум қазақстандық кәсіпкерлер үшін халықаралық нарықтарға, әсіресе Қытайдың стратегиялық нарығына шығуға арналған жаңа платформа ретінде маңызды рөл атқарады.