Астанада білім беру саласындағы инвестициялық жобаның жүзеге асырылуы талқыланды

Астанада білім беру саласындағы инвестициялық жобаның жүзеге асырылуы талқыланды

Астанада Біріккен Араб Әмірліктерінен келген инвестор Мұхаммед Аль-Шаммамен жұмыс кездесуі  Астана қаласы әкімінің орынбасары Евгений Глотовтың ұйымдастыруымен өтті.

Кездесу барысында International Community School жеке халықаралық мектебінің құрылысын көздейтін инвестициялық жобаның жүзеге асырылу барысы талқыланды.

Жобада 1225 оқушыға арналған заманауи білім беру кешенін және 100 орындық мектепке дейінгі бөлімді салу жоспарланған.

Тараптар құрылыс жұмыстарының қазіргі жай-күйі мен жобаны іске асырудың негізгі кезеңдерін қарастырды. Сонымен қатар алдағы бірлескен іс-шаралар пысықталды.

Астана қаласының әкімдігі жобаның сапалы әрі уақытылы жүзеге асырылуын қамтамасыз ету мақсатында оны кешенді түрде сүйемелдеп, білім беру нысандарының белгіленген мерзімде пайдалануға берілуін қамтамасыз етуді көздейді.

Аталған жоба елордадағы әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған маңызды бастама ретінде шетелдік инвестиция тартуға және білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етпек.