«Дала үні – Домбыра» І Республикалық фестивалi

«Дала үні – Домбыра» І Республикалық фестивалi

А.ж. 8 шілдеде, Астана қаласында, Астана қаласының Дін істері жөніндегі басқармасының қолдауымен «QAMQOR-ASTANA» қоғамдық қоры М. Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрында Ұлттық домбыра күніне орайластырылып, еліміздің рухани-мәдени өміріндегі маңызды оқиғасы болатын Қазақстандағы түрлі діни бірлестіктердің өкілдеріне арналған «Дала үні – Домбыра» атты І Республикалық фестивалін ұйымдастырып өткізді. Айрықша атап өтерлігі, бұл мәдени іс-шараға еліміздегі түрлі діни бірлестіктердің өкілдері қатысты. Домбыраның қоңыр үні діндер мен ұлттарды тоғыстырып, мәдениеттер үндестігіне арқау болды.

Фестивальде қазылар алқасының құрамында күйші-домбырашы, ұстаз, фольклортанушы, ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Айтжан Тоқтаған, Роза Бағланова атындағы "Қазақконцерт" мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының мүшесі, "Халық қазынасы" ұлттық өнер орталығының көркемдік жетекшісі, Республикалық конкурстардың лауреаты Жасұлан Наурызбайұлы, Қазақ халқының мұрасы, ұлттық өнерді насихаттап келе жатқан күйші, «Құрмет» орденінің иегері Сәрсенғали Жүзбай, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, «Қазақ тілі» халықаралық қоғамның құрметті мүшесі, «Алқа» радиосының бас редакторы Серік Сейітман.

Фестивальге ҚР МАМ Дін істері комитетінің төрағасы Ә. Хатиев, Қазақ мәдениетінің қайраткері, композитор, профессор Т. Мұхамеджанов, Ұлттық құндылықтарды дәріптеуші, этнограф Т. Шәкен, күйші-композитор, өнер  танушы                          А. Байбосынов, Астана қаласы мәслихатының депутаттары, өңірлік дін істері басқармаларының басшылары, Астана қаласы әкімдігі басқармаларының басшылары, сондай-ақ Астана қаласындағы діни бірлестіктердің жетекшілері мен тұрғындары шақырылды.

Фестиваль екі кезеңнен тұрды: Домбырада жеке орындаушылық шеберлігі және домбырамен ән, терме және жырларды вокалды-аспаптық орындауы бағаланды.

Еліміздің 15 өңірінен 21 қатысушы қатысқан фестивальге төрелік еткен қазылар алқасының құрамында ұлттық өнердің майталмандары болды. Қазылар алқасының әділ бағалауы нәтижесінде, «Күй» номинациясы бойынша І орын Астана қ. Бахай қауымдастығының өкілі Л. Янгалиеваға бұйырды. Ал «Терме» аталымы бойынша бас жүлдені Атырау облысынан келген М. Сұлтанов жеңіп алды.

Екінші орын «Күй» бағыты бойынша – Әділ Агитаевқа, ал «Терме» бойынша – Ербол Саргеловке табысталды. Үшінші орын иегерлері де көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді: «Күй» бойынша – Бақытбек Омаров, «Терме» бойынша – Аманбай Таймов және Солтүстік Қазақстан облысынан келген Орыс православ шіркеуінің қызметкері Игорь Уланов.

«Бұл шараны өткізу идеясы — ұлттық музыкалық аспап — домбыраны насихаттау. Соңғы кезде әлеуметтік желілерде деструктивті ағым өкілдері музыкалық аспаптарды исламда харам деп, тыйым салынған дейді. Біз бұл арқылы дін қызметкерлерінің тек уағыз айтып қана қоймай, домбыра да тарта алатынын, оның тыйым еместігін көрсетуіміз керек болды», – деп түсіндірді Астана қаласының Дін істері жөніндегі басқарма басшысы Қайролла Дүйсешұлы.

Фестивальдің жалпы жүлде қоры 2,5 миллион теңгеден асты. Бас жүлде иегерлеріне 500 мың теңге табысталса, екінші және үшінші орын иегерлері тиісінше 350 мың және 250 мың теңгеден және естелік сыйлықтар алды.

Аталған іс-шараға музыкалық ән-шашу ретінде «Алтын домбыра» мектебінің оқушылары мен жетекшісі, ҚР "Дарын" сыйлығының лауреаты, әйгілі спортшы Ескендір Ибрагим шақырылды.

Сонымен қатар, фестиваль қатысушыларына Астананың көрнекті жерлеріне экскурсия ұйымдастырылды. «Дала үні – Домбыра» фестивалі – тек өнер мерекесі ғана емес, бейбітшілік пен келісімнің, бірлік пен татулықтың нағыз жаршысы болды. Мұндай бастамалар ел ішіндегі рухани сабақтастықты күшейтіп, ұлттық құндылықтарды ұлықтай түсетіні анық.