Астана қаласы әкімдігінің Дін істері жөніндегі басқармасының қолдауымен «QAMQOR-ASTANA» қоғамдық қоры «Заң және тәртіп» іс-шаралары аясында ұл балаларға арналған «Ұл тәрбиесі – ұлттың тірегі» және қыз балаларға арналған «Қызым саған айтам-2» атты жазғы курстар онкүндігін өткізуді жалғастыруда.
Жобаның негізгі мақсаты – қазақ халқының рухани-мәдени мұрасын насихаттау, өскелең ұрпақты ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрге баулу, ұлттық тәрбие, адамгершілік қасиеттер, азаматтық пен патриоттық сезім қалыптастыру.
Алғаш рет курстар 2024 жылы «Бурабай» Ұлттық паркінің аумағында орналасқан «Жеті қазына» этноауылында өткізілген болатын. Осы жылы сабақтар Астана қаласына жақын орналасқан «Терренкур» этно ауылында ұйымдастырылды. Әр курстың ұзақтығы екі күн, оның, үшеуі – ұлдарға, үшеуі – қыздарға арналған алты курс жоспарланған. Жалпы қатыстырылған балалар саны 120 адамды құрайды.
Курстар барысында қатысушыларға белгілі этнограф, ұлттық құндылықтарды дәріптеуші Тұрар Саттарқызы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ардақ Назаров, «Толағай» ұлттық спорт федерациясының басшысы Темір Спатаев, педагог-психолог, сарапшы Жанабергенова Жұлдыз, тарих ғылымдарының докторы, республикалық ақпараттық-насихат тобының мүшесі Жарас Ахан, тарих ғылымдарының кандидаты Ибадуллаева Зылиха, «Қазақ радиосы» редакторы, театр және кино әртісі Сұлтанова Толқын, қолөнер шеберлері Тәңірбергенова Алтынай мен Амантай Тұрсынбүбі, сондай-ақ Қордың теологтары мен психологтары дәрістер оқыды.
Курс аясында қатысушыларға ұлттық құндылықтар, салт-дәстүрлер және батырлар туралы дәрістер оқылып, практикалық сабақтар жүргізілді. Атап айтқанда, олар садақ ату, атқа міну, қой сою және жіліктеу, ұлттық тағам дайындау, самаурын қайнату, дәстүрлі әшекей бұйымдарды жасау сынды іс-тәжірибелермен танысты. Сонымен қатар, қатысушылар «Асық ату», «Садақ ату», «Найза лақтыру», «Ләңгі ойнау», «Қой көтеру» сияқты ұлттық спорт түрлерінен жарыстарға қатысты.
Курс соңында барлық қатысушыларға ақшалай сертификаттар мен ұйымдастырушылар тарапынан естелік сыйлықтар табысталды. Қатысушылар өз алғыстарын білдіріп, алған әсерлерімен бөлісті.
Ұйымдастырушы: «QAMQOR-ASTANA» Қоғамдық қоры
Жауапты: Махамбетова Айжан Қанатқызы
Байланыс телефоны: +7 707 607 01 60